Қостанай облысындағы Железорудная станциясында жаңа теміржол вокзалы пайдалануға берілді. Заманауи кешен жолаушылардың қауіпсіздігіне, жайлылығына және көлік қызметінің қолжетімділігіне қойылатын талаптарға сай салынды, – деп жазады Ertenmedia.kz.
1959 жылы салынған ескі вокзал ғимараты толық бұзылған. Оның орнына жалпы аумағы 416, 1 шаршы метр болатын бір қабатты жолаушылар кешені бой көтерді. Жаңа нысан станцияның өткізу мүмкіндігі мен жолаушыларға қызмет көрсету ерекшелігі ескеріле отырып жобаланған.
Қайта жаңғырту кезінде инженерлік коммуникациялар толық жаңартылды. Вокзалға қажетті жабдық пен заманауи жиһаз орнатылып, пойыз күтуге арналған қолайлы кеңістік жасалды. Ғимараттың ішкі құрылымы жолаушылар қозғалысын қауіпсіз әрі ыңғайлы ұйымдастыруға бейімделген.
Өрт қауіпсіздігіне де ерекше назар аударылды. Жаңа эвакуациялық жолдар мен шығу есіктері жасалып, төтенше жағдай кезінде адамдарды жылдам сыртқа шығаруға мүмкіндік қарастырылды. Іргелес аумақ абаттандырылып, вокзал маңындағы жүріп-тұру жағдайы жақсарды.
Железорудная станциясының вокзалы үшінші санатқа жатады. Ол тәулігіне орта есеппен 452 жолаушыға қызмет көрсетеді. Станция арқылы күн сайын 12 жолаушылар пойызы өтеді.
Теміржол бағыттары Қостанай облысын Алматы, Шу, Атырау, Ақтөбе және Орал қалаларымен байланыстырады. Жолаушылар Астана, Көкшетау мен Қостанайға да осы станция арқылы қатынай алады. Бурабай курорттық аймағына баратын пойыздар да Железорудная станциясына тоқтайды.
Жаңартылған вокзал пойыз күту мен оған отыру үдерісін барынша қолайлы етуге бағытталған. Жолаушыларға арналған кеңістік қауіпсіздік, тазалық және қолжетімділік талаптарына сәйкестендірілді. Инженерлік жүйелердің жаңаруы нысанның жыл бойы тұрақты жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.
Железорудная вокзалын қайта жаңғырту Қостанай облысының көлік инфрақұрылымын дамытуға серпін береді. Жоба теміржол қызметінің сапасын арттырып, өңір тұрғындары мен қонақтарына қолайлы сапар жағдайын қалыптастыруға бағытталған.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!






