Астананың бас имамы туралы ақпарат таратқан азаматқа айыппұл салынды, — деп хабарлайды ErtenMedia.
Сот шешімі
Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты әлеуметтік желіде жала жапқаны үшін Б.-ға қатысты істі қарады (ӘҚБтК 73-3-бабының 2-бөлігі).
Сот құқық бұзушының әлеуметтік желілерге зәулім үй көрсетілген бейнеролик жариялап, ол зәулім үйдің халықтың қайырымдылыққа берген қаражаттарына салынғанын, оның Астана қаласының бас имамына тиесілі екенін айтып, сол арқылы әлеуметтік желілерде ар-намыс пен қадір-қасиетке және басқа адамның беделіне нұқсан келтіретін көрінеу жалған мәліметтерді таратқанын анықтады.
Сот отырысы барысында құқық бұзушы өз кінәсін толық мойындап, үйдің кімге тиесілі екенін, оның қандай қаражатқа салынғаны белгісіз екенін түсіндірді, бейнероликті тек көру үшін жариялағанын айтып, өкініш білдірді.
Кінәлі әлеуметтік желілерде жәбірленушінің абыройы мен қадір-қасиетіне және беделіне нұқсан келтіретін жалған ақпарат таратқандықтан, сотта жәбірленуші оны заң бойынша жазалауды сұрады.
Құқық бұзушылық фактісі іс материалдарымен, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен, бейнежазбамен және жәбірленушінің арызымен расталды.
Сот қаулысымен Б. ӘҚБтК-нің 73-3-бабының 2-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 180 АЕК (707 760 теңге) мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды.
Қаулы заңды күшіне енген жоқ.
Оқиғаның мән-жайы
Бұған дейін желіде тараған видеода белгісіз ер адам «бас имамның үйі мешіт сияқты үлкен екенін, оның төрт әйелі барын» мәлімдеген еді.
«Не деген сарай мынау?! Төрт әйелі бар дейді. Жаңа осы үйдің аспазын алып келдім. Аспазы бар тағы. Сендердің садақаларыңмен жалақысын төлейді», — дейді видеода ер адам.
Кейінірек Астананың бас имамы Ербол Жүсіпов те бұл жалған ақпарат екенін мәлімдеді.
«Әлеуметтік желіде белгісіз бір азамат жалған парақша арқылы «Мынау тұрған зәулім үй Астана қаласының бас имамының үйі» деген мазмұнда видео бөліскен. Бұл мүлдем шындыққа жанаспайтын өтірік ақпарат екенін қаперлеріңізге саламын», — деді ол.