Ұлттық банкі Ұлттық қор активтерінің бір бөлігін АҚШ-тың инфляциядан қорғалған мемлекеттік облигацияларына (TIPS) инвестициялауды жоспарлап отырғанын ресми түрде мәлімдеді. Бұл жаңалықты бір қарағанда қаржыгерлер ғана түсінетіндей көрінгенімен, шындығында мәселе – бүкіл халықтың әл-ауқаты мен елдің қаржылық болашағы туралы болып отыр, – деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
TIPS – инфляцияға индекстелген мемлекеттік бағалы қағаздар. Яғни, бұл құрал АҚШ экономикасындағы инфляция деңгейіне қарай өсіп отыратын, нақты табысты сақтау және активтердің құнсыздануына қарсы тұруға бағытталған инвестициялық өнім. Қарапайым тілмен айтсақ, Ұлттық банк өз қазынамыздың бір бөлігін әлемдік қаржы жүйесінің ең сенімді құралдарының біріне орналастырып, оны инфляциялық тәуекелдерден сақтауды көздеп отыр.
Ұлттық банк таратқан ресми хабарламада TIPS-ке 1 миллиард АҚШ долларына дейінгі сома инвестицияланатыны айтылған. Бұл сома дамыған елдердің мемлекеттік бағалы қағаздар портфелі аясында басқарылмақ. Яғни, Ұлттық банк мұны бір реттік әрекет ретінде емес, макроконъюнктуралық жағдайға қарай үнемі қайта қаралып отыратын динамикалық қаржылық стратегия ретінде жүзеге асырмақ.
TIPS-тің ерекшелігі – оның номиналы 1000 доллардан басталатын, 5, 10 және 30 жылдық мерзімдерге шығарылатын стандартты форматтағы облигациялар болуы. Бұл жерде негізгі мән – қанша көлемде сатып алынғанында емес, олардың портфель ішіндегі дұрыс үлестірілуінде.
Ұлттық банк өкілдерінің айтуынша, кірістілік (yield), өтімділік (liquidity) және инфляциядан қорғау (hedging against inflation) арасындағы оптималды тепе-теңдікті табу – басты басымдықтардың бірі.
Осы арқылы Қазақстан Ұлттық қордың шетелдік бөлігіне арналған инвестициялық стратегиясын әртараптандыруда тағы бір қадам жасап отыр. Бұл – тек қаржы активтерін сақтау ғана емес, сонымен бірге ұлттық байлықты әлемдік экономиканың күйзелістері мен девальвациялық қысымдарынан сақтау тетігі ретінде қарастырылуы тиіс.
Қысқаша айтқанда, бұл қадам – Қазақстанның бюджеттік тұрақтылықты қамтамасыз ету, болашақ ұрпақ үшін қор жинау және жаһандық қаржы архитектурасына кірігу жолындағы маңызды қаржылық операцияларының бірі.
Бірақ бір ескеретін дүние – инвестицияланған әр доллардың артында ел болашағының сенімі, халықтың аманаты тұр. Сол сенімге селкеу түсірмей, Ұлттық қорды ұлттық мүдде үшін тиімді пайдаланудың жаңа кезеңі басталғанын қалаймыз.