Үкімет Eurasian Resources Group (ERG) тау-кен металлургия тобындағы 40 пайыздық үлесін 697,7 миллиард теңгеге «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорына өткізді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Осылайша «Самұрық-Қазына» өндірістік алпауыттың үстінен бірлескен бақылауға ие болды. Компанияның меншік құрылымы да соңғы айларда айтарлықтай жаңарды. Биыл мамырда «Nature Energy Solutions Ltd.» бенефициары Шахмұрат Мұталип Патох Шодиев пен Александр Машкевичтің мұрагерлеріне тиесілі пакеттерді сатып алып, өз үлесін 39,3 пайызға дейін жеткізді. Топтың тағы 20,7 пайызы Ибрагимовтар отбасының қолында қалып отыр.
Осы ретте Forbes-пен сұхбаттасқан белгілі қаржыгер әрі экономист Расул Рысмамбетов мемлекеттің ең ірі тау-кен активіне қатысты алдағы қадамдар мен нарықтағы жаңа тәуекелдерге баға берген екен.
«Қосалқы касса» дәуірінің аяқталуы
Сарапшының пікірінше, ERG-дегі үлестің Қаржымин-нен ұлттық әл-ауқат қорына өтуі активті бір мемлекеттік қалтадан екіншісіне ауыстыру емес. Бұл тұтас басқару парадигмасының өзгергенін аңғартады. Бұған дейін Үкімет үлесті әлеуметтік немесе күтпеген бюджеттік шығындар туындағанда тікелей көмекке жүгінетін арнайы қор секілді ұстап келген еді.
«Самұрық-Қазына» ERG-дің 40 пайыздық үлесін өз бақылауына алуға бұрыннан ниетті болды. Ал Қаржы министрлігі үшін осы актив іс жүзінде өзіндік «қосалқы касса» қызметін атқарды. Мемлекет бюджетте қаралмаған түрлі әлеуметтік және демеушілік жобаларға осы компаниядан қаржы тарта алатын. Енді Қаржыминге ERG-ді бұлай пайдалану қиынға соғады. Есесіне «Самұрық-Қазына» осы пакетті кепілге қойып қаржы тарту секілді нарықтық тетіктерді іске асыра алады», — деді Расул Рысмамбетов.
Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің балансында тұрған кезде активті икемді қаржылық құрал ретінде пайдалану мүмкін емес еді. Сондықтан қорға өту активтің қаржылық дербестігін арттырады.
Саладағы ауқымды трансформация
Экономист мемлекет үлесінің ауысуын жеке акционерлердің өзгеруімен тікелей байланыстырмайды. Қазір еліміздің тау-кен, мұнай және мұнай-сервис секторларында меншік құрылымын қайта қарау мен активтерді біріктірудің ауқымды толқыны жүріп жатыр. Сондықтан бұл құбылыс бүкіл саланың қайта жаңғыруымен сабақтас.
Жаңа жағдайда «Самұрық-Қазынаға» ойын ережелерін қайта пысықтауға тура келеді. Себебі тек акционерлер ауысып қойған жоқ, компанияның ішкі конфигурациясы мен шешім қабылдау тетігі түбегейлі өзгерді.
«Тау-Кен Самұрық» пен жеке капитал арасындағы теңгерім
Мемлекеттік үлесті жедел басқару тікелей мамандандырылған «Тау-Кен Самұрық» ұлттық компаниясына жүктелуі мүмкін. Рысмамбетов осы құрылымда саланың қыр-сырын жетік білетін білікті мамандар жұмыс істейтінін алға тартты. Олар күнделікті операциялық процестерге тікелей қол сұқпағанымен, жеке акционерлердің әрбір қадамын бақылауда ұстайды.
Дегенмен тараптардың мақсаты бір жерден шықпауы мүмкін. Мемлекет үшін активтің ұзақмерзімді тұрақты дамуы мен өңірлердегі тыныштық маңызды болса, жеке инвесторлар көбіне дивиденд көлеміне, жоғары кірістілікке және шығындарды мейлінше азайтуға ұмтылады. Бұл арада мүдделер қақтығысы орын алуы ықтимал, сондықтан үйлестіру жұмысы аса мұқият жүргізілуі тиіс.
Шынайы нарықтық құн мен қарыз жүктемесі
Құжаттарда топтағы 40 пайыздық үлес шамамен 698 миллиард теңгеге бағаланғанымен, бұл санды бірден нарықтық әділ баға деп қабылдауға болмайды. Сарапшының пікірінше, бұл жерде компанияның қаншалықты қарызы бар екенін, қандай инвестициялық жобалар қабылданғанын және ақша ағынының жай-күйін терең қарастыру қажет.
«Егер қарыз міндеттемелерін есепке алмай, қолайлы нарықтық жағдайда қарастырсақ, ERG-дің таза құны 10–12 миллиард долларға жетуі мүмкін. Алайда қазір топ турбулентті кезеңде тұр. Сондықтан оның қарыз жүктемесін, табыстылығы мен инвестициялық бағдарламаларын жеке талдау керек. «Тау-Кен Самұрық» пен қор басшылығы жағдайды өте қырағы бақылауға тиіс», — деп нақтылады қаржыгер.
Неге жекешелендіруге тыйым салынуы керек?
Экономист 40 пайыздық мемлекеттік үлесті болашақта жекешелендіру туралы әңгіме мүлдем қозғалмауы тиіс екенін қатаң ескертті. ERG құрамындағы «Қазхром», Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігі, «Қазақстан Алюминийі», Қазақстан электролиз зауыты және Еуроазиялық энергетикалық корпорация өндірістік қана емес, ел экономикасының негізгі тіректерінің бірі болып қала береді.
Топ бірнеше облыста қала құраушы, тіпті тұтас өңір құраушы мәртебеге ие. Отандық басқа кәсіпорындар әзірге ERG деңгейіндегі өндірістік ауқымға, инвестициялық әлеуетке және халықаралық географияға жете қойған жоқ. Сарапшының пайымынша, қазіргі басты міндет — компанияны бөлшектеу немесе сату емес, мемлекет пен жаңа инвесторлар арасындағы үйлесімді сақтап, жылдар бойы жинақталған өндірістік әлеуетті жоғалтпау.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







