Алматы облысы Талғар қаласында болған қайғылы оқиға қоғамды дүр сілкіндірді. Желіде марқұмның туысының оқиғаны баяндап берген видеосы тарады, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Оқиға куәгері әрі марқұмның бауырының айтуынша, бұл жайтқа қатысы барлардың бәрінің қолында суық қарулар болған.
«Мен үйде ұйықтап жатқанмын. Бауырым Шерзат хабарласып, «Нұрғанат аға, дүкен жаққа келші» дейді. Барамын. Сатып алушы кіріп, «сыра бер» деп менің ағаммен (Шерзаттың әкесімен — еск.) ерегесіп қалады, боқтап сөйлейді. Бауырым намысшыл болды. «Әкеме не деп жатсың?» деп сұрайды, анау боқтанып сөйлейді, менің бауырым ұрып жібереді. Сөйтіп анау бауырларын, достарын шақырады», — деді Нұрғанат есімді марқұмның туысы.
Артынша марқұмның әкесі шығып кешірім сұраған. Дегенмен мәселеге басқа адамдар араласқан.
«Пышағымен, мылтығымен өлтіруге дайындалып келген. Бәрінде пышақ болды …Біреуі пышақ тығып алады. Қайсы екенін түсінген жоқпын», — деді ол.
Марқұм Шерзаттың соңғы сөзі мынау болған: «Нұрғанат аға, келші, бірдеңе тығып алды».
«Шамам жетпеді, бауырымды алып қалғым келді. Ол өмір көрмеген. Арманы көп еді», — деді марқұмның туысы.
Сондай-ақ, оқиғаға қатысы барлардың арасында екі қыз бары айтылады. Алайда куәгер олардың жасы нешеде екенін білмейтінін мәлімдеді.
Айта кетейік, бұған дейін Шерзаттың туыстары кемінде 13 күдікті барын мәлімдеген еді. Алайда полиция 7 адамды ғана ұстапты.
Оқиға орнында болған Шерзаттың әкесі де мәлімдеме жасады. Ол әділ сот талап етті.
Оқиғаға қатысты Ішкі істер министрі Ержан Сәденов пен Алматы облысының прокуратурасы пікір білдірді.
“Алматы облысының Талғар ауданында орын алған кәмелетке толмаған баланың өліміне қатысты мән-жайлар менің жеке бақылауымда. Оқиға орнында бірінші орынбасарымның басшылығымен ІІМ қызметкерлерінен құралған топ жұмыс істеуде. Кінәлілер тиісті жазасын алады”, — деді ол.