Астана қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Илья Скуб, қаланың Ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрдәулет Әлмұханов тыл еңбеккері профессор Теңдік Изақовпен және оның отбасымен кездесіп, көп жылғы еңбегі үшін алғыс білдіріп, 7 мамыр күні шеру өтетін орынға кіре алмағаны үшін кешірім сұрады,- деп хабарлайды Ertenmedia.kz
«Іс-шара аумағына өту арнайы әзірленген тізім бойынша жүзеге асырылды. Орын санының шектелуін, сондай-ақ ардагерлердің жасы ұлғайғанын ескере отырып, тізім ардагерлер мен тыл еңбеккерлерінің туыстарынан тікелей түскен өтініштер бойынша ғана әзірленді», — делінген хабарламада.
Шеруге еліміздің барлық өңірінен ардагерлер мен тыл еңбеккерлері қатысқан. Ал Теңдік Изақовтың отбасынан өтініш түспеген.
«Астана әкімдігі Теңдік Изақовқа және оның жақындарына туындаған жағдайға байланысты шын жүректен кешірім сұрады. Теңдік Изақов 9 мамыр күні гүл шоқтарын қою рәсіміне шақырылды», — деді әкімдікте.
Еске салайық, әлеуметтік желілерде Астанада әскери шеру кезінде түсірілген видео тараған болатын. Видеода орден-медальдары бар қарт кісі әскери парадты трибунадан көру үшін күзет қызметкерлерінен өтуге рұқсат сұрайды. Бұл халық арасында резонанс тудырды.