Журналист, қоғам белсендісі Мұхтар Түменбай мен танымал тележурналист Мая Бекбаеваның ерегесі Ertenmedia-ның назарын аударды.
Даудың тұтануына Мая Бекбаеваның Алаш қайраткерлерінің неліктен орыс әйеліне үйленгені туралы видеосы түрткі болған.
Таспа әп-сәтте әлемжеліге тарап, қазақтілді қауымның кейбір өкілдері тарапынан қатаң сынға ұшырады.
Журналист Мұхтар Түменбайдың айтуынша, Мая Бекбаева қазақ әйелдерін кемсітетін пікір білдірген.
«Мен не көріп отырмын өзі? Бұл не сұмдық, Майя Бекбаева? Білмейтіндер үшін оқиғаның мән-жайын айтып берейін.
Мадам Майя алашордашылардың бір бөлігі не себепті орыс әйеліне үйленгені туралы видео түсіріпті. Қыздарға емес, әйелдерге дейді.
Өзін журналист санайтын Бекбаева, «сол тұстағы қазақ әйелі орыс әйелдерімен салыстырғанда бәсекеге қабілетсіз болған, талапқа сай келмеген. Алаштықтар өзіне тең келетін жар іздеді…» деп отыр. Мұны Қазақстанда атап өтілетін «Аналар күні» қарсаңында айтқан.
Осы сөзіңмен қасиетті қазақ анасының атына кір келтіріп отырғаныңды білесің бе? Қазақ даласына батыр, би, хан сыйлаған аналарымыздың ұрпағына бұлайша тіл тигізуге саған кім құқық берді?» – дейді ашуға ерік берген Мұхтар Түменбай.
Журналитсің пайымдауынша, «орыс келіндердің кесірінен ана тілін, мәдениетін, салт-дәстүрін білмейтін, түп-тамырынан ажыраған мәңгүрт ұрпақ өмірге келген». Осы ретте ол, Орта Азияны «бөтен ел» деп бағалаған Әлихан Бөкейхановтың шөбересін мысалға келтірген екен.
«Бөтен қан әрқашан шалажансар мәңгүрт ұрпақ туғызады. Мая, сен осыны армандап жүрсің бе? Сен секілділерге айтарым, қазақ халқы бүгін де бар, ертең де болады. Қазақ әйелдері бәсекеге қабілетсіз болды, талапқа сай келмеді деп төрелік айтатындай сен кім едің? Тіліңді тартып жүр», — дейді Түменбай.
Осынау ауыр сынға Мая Бекбаева да көп күттірмей жауап қайтарыпты. Айтуынша, медиа алаңдағы әріптесінің пікірінде истерика мен эмоция басым. Әлгіндей әңгіменің бәрі болмашы дүние, ұсақ сөз.
«Мен ол видеода қазақ қыздарын кемсіткен жоқпын, қайта қазіргі қоғамда әйелдер мен қыздарға деген сексистік көзқарасты сынадым. Менің мақсатым қазақ әйелдерінің білім алып, өз қалауымен тұрмыс құрып, еркін өмір сүруін қолдау болатын. Сіз мұны мүлде басқаша түсініпсіз. Бұлайша мені көпшілік алдында қорлап сөйлеуге сізге кім рұқсат етті? Осындай тәрбиені сізге кім берді? Өз сөзіңіз арқылы дәл осы қоғамда әйелдерге қатысты әділетсіздік барын өзіңіз дәлелдеп бердіңіз», — деп екіұшты жауап қатқан екен Бекбаева.
Тележурналист өзіне нақты сауал қойған белсендінің сұрағына жауап қатудан гөрі оның жеке басына тиісіп кеткенін аңғаруға болады.
Мая Бекбаева Мұхтар Түменбайды бұған дейін де танымал әйелдермен салғыласқан, жұрт назарын өзіне аударуға тырысқан деп айыптап, елге пайдасы тиер іс жасауға шақырып отыр.
«Елу бес жыл өмір сүріп, шалбар киіп жүрген сіздің бүгінге дейінгі бітірген ісіңіз әйелдермен абаласу екен. Сіз туралы ақпарат өте аз екен, жұрт сізді танымайды да. Бірақ атыңыз әдемі екен. Сізді Әуезовтің құрметіне қойған шығар. Мұхтар Омарханұлынан кейін де бұл есіммен тарихта абыройлы азаматтар көп болды. Бірақ сізге қарап отырып менің есіме мүлдем басқа Мұхтар түсіп отыр…», — дейді Мая Бекбаева.
Өз кезегінде бірқатар қазақтілді ірі пабликтерде Мая Бекбаеваға бойкот жариялау мәселесі сөз болуда.
Мұхтар Түменбайға қолдау білдірген белсенділер Бекбаеваның нақты сұраққа толыққанды жауап бермегеніне назар аударып отыр.