Тамыздың екінші жексенбісі құрылысшыларға көрсетілер құрметтің ерекше белгісі. Ел экономикасын алға сүйрейтін, қаланың көркін кіргізіп, ауылдың ажарын ашатын да осы саланың мамандары.
Кейінгі алты жылда елімізде 97,9 млн шаршы метр тұрғын үй бой көтеріп, 871 мыңнан аса отбасы жаңа пәтерге қол жеткізген. Биылдың өзінде алғашқы жарты жылда 7,9 млн шаршы метр баспана салынды, бұл көрсеткіш саланың тұрақты өсу динамикасын айғақтайды.
Осы сандардың артында қаншама сәулетші мен инженердің, құрылысшы мен қарапайым жұмысшының қажырлы еңбегі жатыр.
Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевтың айтуынша, тұрғын үй құрылысына салынған инвестиция көлемі де артып келеді. Соңғы алты жылда бұл салаға 15,4 трлн теңге тартылса, биылғы алты айда тағы 1,5 трлн теңге бөлінді. Инвестицияның бір бөлігі әлеуметтік бастамаларды жүзеге асыруға жұмсалуда.
Президенттің биылғы жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялауы саладағы қарапайым жұмысшылар беделін арттырудағы маңызды шешім болғаны анық.
Саланы өркендетудің басты тірегі білікті кадрлар. Статистика бюросының есебіне сай, құрылыс саласында еңбек ететін қызметкерлер саны 106 мыңнан асады. Саладағы орташа жалақы мөлшері 485 мың теңге, бұл елдегі орташа жалақыдан 14,8%-ға жоғары.
Алдағы кезеңде Қазақстан бойынша мамандарға сұраныс 3 миллионға жуықтайды, оның 210 мыңдайы құрылыс саласына тиесілі. Осы сұранысты қамтамасыз ету үшін мемлекет жыл сайын жоғары оқу орындары мен колледждерде мамандар даярлауға басымдық беріп отыр. 2025–2026 оқу жылына 77 мыңнан аса грант бөлініп, оның 22 мыңнан астамы инженерлік-құрылыс саласына бағытталды.
Бүгінде техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында құрылыс бағытында 160 мыңдай студент білім алып жатыр. Колледж бітірушілерінің 82,7%-ы осы салаға бірден жұмысқа орналасады. Ауылдық жерлерде жалға берілетін тұрғын үй салған жұмыс берушілерге де биылдан бастап 5 млн теңгеге дейін субсидия берілуде.
Құрылысшылар күні ел өмірінде өзіндік тарихи мәні бар мереке. Кеңес кезінде өнеркәсіп орындары мен тұрғын үй кешендері қарқынды салынса, сол дәстүр тәуелсіздік жылдары жаңаша екпінмен жалғасты.
Былтыр республика бойынша рекордтық 19,1 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, 173 мың отбасы баспаналы болды. Жеке үй салушыларға қолдау көрсету мақсатында 2019 жылдан бері 183 мыңнан астам жер учаскесі инженерлік желімен қамтамасыз етілді. Әлеуметтік әлсіз топтар үшін 77 мыңнан аса жалдамалы пәтер бөлінді, «Отбасы банкінің» жеңілдетілген бағдарламалары арқылы 80 мыңнан аса отбасы төмен пайыздық ипотекаға қол жеткізді. Мұның бәрі азаматтардың жеке баспанаға деген қолжетімділігін арттырып отыр.
Бұрын зауыт-фабрика салуға басымдық берілсе, қазіргі құрылыс саласы тұрғын үймен қатар инфрақұрылымды да жан-жақты дамытуды көздейді. Алты жылда қалалардың 99,3%-ы, ауылдардың 97,5%-ы орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілді. Жолдар салынып, кәріз-тазарту жүйелері жаңартылып, өңірлердегі көппәтерлі үйлер күрделі жөндеуден өтуде.
Жеті жылдық жеңілдетілген кредиттер есебінен биылдың өзінде 233 көпқабатты үй күрделі жөнделді. Бұл жұмыстар мыңдаған отбасының өмір сапасын арттырып, тұрғын үй қорының сақталуын қамтамасыз етті.
Құрылысшылар сын сәтте де сыналатын мамандық иелері. Былтырғы алапат су тасқыны кезінде 17 мыңнан астам үй мен саяжай зардап шекті. Жедел қолға алынған шаралардың арқасында қысқа мерзімде 9 мыңнан аса үй жөнделіп, 2700-дей жаңа үй тұрғызылды. Бұған қоса жолдар, көпірлер, білім, мәдениет және спорт нысандары қалпына келтірілді.
Қазіргі құрылыс алаңы цифрлық технологияның белсенді қолданылатын орнына айналды. Министрліктің енгізген «e-Qurylys» және қала құрылысы кадастры сияқты жобалары құрылыс үдерістерінің ашықтығын арттырып отыр. Бірыңғай цифрлық экожүйе арқылы құрылыс процесінің барлық кезеңін бір платформаға шоғырландыру көзделген. Бұл бастама елдегі инженерлік инфрақұрылымның 90%-ын цифрландыруға мүмкіндік берді.
Министр Ерсайын Нағаспаев айтқандай, «урбанизация, қалалардың қарқынды дамуы жағдайында құрылыс саласы ел экономикасының негізгі тірегі». Құрылыс алаңы заманауи өмір сапасын қалыптастырудың тоғысқан ортасы. Осы жауапты міндетті адал атқарып жүрген құрыш қолды құрылысшылар қандай құрметке болса да лайық.