Ertenmedia.kz тілшілері өз оқырмандарына ұсынға сұхбатта Agromash базасындағы Локализация орталығының президенті Динара Шүкіжанова америкалық John Deere техникасын Қостанайда өндіру жобасы жайында жан-жақты әңгімелеп берді. Сұхбаттан локализация, фермер үшін оның нақты пайдасы қандай, 5% жеңілдетілген лизинг пен сервис желісі қалай жұмыс істейді, кадр мен цифрлық шешімдер қалай жүзеге асатыны жайында молынан мағұлмат алуға болады.
– Динара ханым, Қостанайдағы локализация орталығында John Deere өндірісін іске қосу – агроөнеркәсіп саласының күн тәртібіндегі басты жаңалықтарының бірі екенін білеміз. Әңгімемізді «Неге дәл қазір?» деген сұрақтан бастасақ.
– Өйтені уақыты келді. Соңғы жылдары Үкімет импорттық трактор мен комбайнды жаппай субсидиялаудан бас тартып, қолдауды отандық өндіріске бұрғанын білетін шығарсыздар. Бұл инвесторларға басты белгі болды деп санаймын.
Біздер ауылдағы өнімділікті арттырғымыз келсе, техникаға қолжетімділік пен сервистің жылдамдығын жақсартуымыз керек. Бұған екі жол бар – барлықауыл шаруашылығы техникаларын сырттан тасу немесе өзіміз шығару. Біз екіншісін таңдадық. Локализация – жай ғана бұранда бұрап қою емес, бұл технологияны тасымалдау, инженерлік мәдениетті қалыптастыру және кадрлық әлеуетті жасақтау деп білемін.
– Ауыл шаруашылығы техникаларын өз жерімізде локализация жақсы бастама екенін білеміз. Бірақ фермерлер күнделікті тұрмыста оны қалай сезінеді? Баға төмендей ме, сапаға қалай әсер етеді?
– Қарпайым жер емген шаруа үшін ең құндысы «ақша + уақыт + сенім» үштігінің теңгері теңеседі. Біз қолға алған локализация осы үшеуін де жақсартады. Біріншіден, логистика мен кедендік шығын азайған сайын, бір бірлік техникаға түсетін шығын төмендейді. Екіншіден, күту уақыты қысқарып, өндіріс осында болған соң, жинақтау, жеткізу, тіркеу, қаржыландыру тізбегі жылдам жүреді. Үшіншіден, қосалқы бөлшек пен сервиске қолжетімділік артқан сайын, тоқтап қалу тәуекелі төмендейді.
Біз бірінші кезеңде өздігінен жүретін, тіркемелі және аспалы жабдықты іске қосамыз. Agromash базасындағы Локализация орталығы жоғары өндірістік деңгей мен сапа бақылауын қамтамасыз етеді.
– Әлбетте, фермерлер ең алдымен қаржыландыруға қарайтыны анық. Жеңілдетілген лизинг бағдарламасы бола ма?
– Президент тапсырмасымен жылдық 5% мөлшерлеме бойынша отандық ауыл шаруашылығы техникасына лизинг іске қосылып, оған 120 млрд теңге бөлінді. Биылдың өзінде 3,2 мыңға жуық шаруашылық автопаркін жаңарта алады. Бұл – нарыққа «сенімді сұраныс» береді.
Өндіріс жоспарлауы үшін ең қиыны құбылмалы сұраныс. Біздіңше, 5% лизинг сұранысты тұрақтандырады деп үміттенеміз. Біз де мемлекеттің осы қамқорлығы арқасында компоненттерге ұзақмерзімді келісімшарт жасап, жергілікті жеткізушілер пулын кеңейтеміз.
Әлемдік тәжірибеген назар аударсаңыз, локализацияның да кезең-кезеңімен жүретінін байқауға болады. Бастапқыда SKD (ірі тораптық) жинақ – өндірісті тез іске қосуға мүмкіндік береді. Бірақ біздер мұнымен тоқтап қалмаймыз. Біз дәнекерлеу, бояу, шасси мен рамалық элементтер, кабина элементтері, сым-желі шоғырлары, кейбір гидравликалық тораптарды кезең-кезеңімен жергіліктендіреміз.
– Қостанайды неге таңдадыңыздар?
– Қостанай машина жасау дәстүрі бар өңір. Agromash-тың өндірістік мәдениеті, логистикалық тораптарға жақындығы, кадрлық резерв бұл бағытта шешуші фактор болды. Локализация орталығы еліміздегі ауыл шаруашылығы техникасы бойынша ең қуатты өнеркәсіп алаңдарының бірі. Бұған қоса, Солтүстік пен Батыс өңірлеріне, көрші елдердің нарықтарына шығу ыңғайлы. Біз тек ішкі сұранысқа емес, Еуразиялық кеңістік пен Орталық Азияға экспорттық әлеует қалыптастыруды көздеп отырмыз.
– John Deere цифрлық агротехнологиялардың символына айналған бренд екенін білеміз. Бұл бағытта не жоспарланған?
– Цифрлық шешімдер біздің жобаның «жүрегі». «Eurasia Group» компаниясы John Deere-дің ресми өкілі ретінде өндірілген техникамен бірге елімізге дәл егіншілік экожүйесін әкелетіні анық. John Deere техникаларының көмегімен отандық фермерлер телематика, қашықтан диагностикалау, JDLink секілді платформалар, ISOBUS интеграциясына қол жеткізетін болады. Мұның бәрі темір мен деректің ортақ құндылығын жасайды. Қарапайым тілмен айтсақ, фермер жанармайды үнемдеп, тұқым мен тыңайтқышты дәл жұмсайтын мүмкіндікке ие болады. Алдағы 5 жылда үш заманауи сервис орталығын саламыз – олар бөлшек қоймасы ғана емес, цифрлық агрономияның үйрету алаңына айналады деп жоспарлап отырмыз.
– Сервис пен қосалқы бөлшек фермердің ең жанды жері екені анық. Шаруаларды қосалқы бөлшекпен қамтуды қалай ұйымдастырмақсыздар?
– Сервисті бағыттағы қызметтерді жедел әрі сапалы ұйымдастыратын боламыз. «Eurasia Group» барлық желіні кеңейтіп, аймақтық қоймалар, мобильді сервис бригадалары, маусымдық «жылжымалы» қойма, онлайн-каталог арқылы тапсырыс беруді жүзеге асыратын болады.
Шаруаларымыз нақ маусым кезінде жұмыстарының тоқтап қалу жол бермейміз. Осы тәуекелді басқару үшін диагностиканы қашықтан жүргізіп, бригаданы қосалқы бөлшекпен бірге жіберіп фермерлерді барынша сүйемелдейтін боламыз.
– Кадр мәселесі – кез келген индустриализацияның «ахиллес өкшесі» екені анық. Бұл бағыттағы кедергілерді қалай шешуді ойлап жатырсыздар?
– Білікті кадр қалыптастыру мәселесін екі бағытта шешуді жоспарлап отырмыз. Біріншісі, өндірістік персонал өкілдері дәнекерлеушілер, бояушылар, механик-жинақтаушылар, сапа инженерлерін модульдік бағдарламалар, дуальды оқыту, ішкі аттестация арқылы біліктілігін көтеруді көздеп отырмыз.
Екіншісі, далалық инженер, дәл егіншілік консультанты, телематика операторларын Қостанай, Ақмола, Солтүстік Қазақстан өңірлеріндегі университеттер мен колледждермен бірлесіп курстар ашып дайындамақ ойымыз бар. Студенттер өндірістік практикадан өтіп қана қоймай, дерекпен жұмыс істеуге үйренеді.
– Техникалардың экологиялық тиімділігі, жанармай үнемдегіштігі және жергілікті климатқа бейімділігі жайында да айта кетсеңіз?
– Қазақстан климаты техникаға жоғары талап қоятыны белгілі. Өйткені біздің жерімізде – 40-тан +40-қа дейін ауарайы құбылатыны белгілі. Шаң, тұзды топырақ, ұзақ алқап жүктемесі де ауыл шаруашылығы техникалары үшін үлкен сынақ.
Сондықтан жергілікті жерде техникаларды құрастыру барысында салқындату жүйесін дамытып, қалыңдатылған радиатор, шаңнан қорғайтын сүзгілер, жанармай жүйесінің сапасыз отынға төзімділігін арттрып, электрлі инсталляцияның герметикасын барынша күшейтетін боламыз.
Жанармай үнемі – дәл егіншілік пен беріліс қорабының жаңартылған картографиясы арқылы келеді. Ал экологияда біз еуропалық эмиссия стандарттарына жақындауды, кейінгі кезеңде реманфактура бағдарламасын қарастырамыз.
– Сіздердің техникаларыңыздың бағасы қанша болады. Шаруаларға қолжетімді болғаны қажет қой?
– Баға қалай болғандада төмендемейді. Неге? Себебі логистика, күтім, тоқтап қалу құны, қайта сату кезіндегі ликвидтілік – бәрі қосылады. Локализация осы компоненттерді нақты қысқартады. Үстіне 5% лизинг қосылғанда, фермердің қаржы ағымына түсетін салмақ айтарлықтай жеңілдейтін болады.
– Жергілікті жеткізушілерге есіктеріңіз қаншалықты ашық болады?
– Толық ашық. Метал-құрылым, кабель-жиын, отандық шиналар, гидравлика түйіндерінің бөліктері, пластик панельдер, орындық, әйнек бойынша аудит жүріп жатыр. Аудит біткеннен кейін жергілікті өнім өндірушілермен келісім-шартқа отыратін мүмкіндік туады. Сонымен қатар өнімнің сапасын көтеру үшін жеткізушіні оқытуға да дайынбыз.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Жарбол КЕНТҰЛЫ