Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстан жасанды интеллект дәуірінде: цифрлық трансформация арқылы өзекті міндеттер мен оларды шешу» атты Жолдауы ел дамуының жаңа кезеңін айқындап берді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Әсем Рахметованың пікірінше, Мемлекет басшысының үш жыл ішінде Қазақстанды толыққанды цифрлық елге айналдыру туралы тапсырмасы жаһандық үрдіске ілесу ғана емес, ұлттық бәсекеге қабілеттілікті күшейтудің нақты бағыты.
Автордың айтуынша, Жолдауда көтерілген бастамалардың салмағы жоғары. Соның бірі – Премьер-министрдің орынбасары деңгейіндегі жетекші басқаратын Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құру туралы шешім. Оның ойынша, мұндай қадам цифрлық технологияларды экономика мен мемлекеттік басқарудың барлық саласына жүйелі енгізуге жол ашады.
Әсем Рахметова цифрлық кодексті қабылдау бастамасына да ерекше мән береді. Оның пайымдауынша, жасанды интеллект, платформалық экономика, үлкен деректер және өзге де жаңа бағыттар бойынша ортақ ереже керек. Осындай құжат цифрландыру үдерісін реттеп қана қоймай, жаңа технологияларды енгізудегі бірыңғай құқықтық негізді қалыптастырады.
Автор Алатауда «цифрлық қала» жобасын іске қосу туралы бастаманы да маңызды деп санайды. Оның пікірінше, Smart City шешімдері, блокчейн және криптовалюталық сервистер енгізілетін мұндай кеңістік ел үшін тәжірибелік алаңға айналуы мүмкін. Егер жоба сәтті іске асса, кейін оны басқа өңірлерге де таратуға мүмкіндік туады.
Әсем Рахметованың жазуынша, Мемлекет басшысы жасанды интеллект бүкіл адамзаттың өмір салтын өзгертіп жатқанын орынды атап өтті. Сондықтан Қазақстан бұл үдерістен шет қалмауы керек. Оның ойынша, жасанды интеллект тек цифрландыру құралы емес, азаматтардың өмір сапасын арттыратын, жаңа жұмыс орындарын ашатын және ұлттық қауіпсіздікті күшейтетін нақты тетік.
Жеке деректерді қорғау керек
Автор Жолдау тек мемлекеттік аппаратқа ғана емес, бүкіл қоғамға арналған үндеу деп есептейді. Оның пайымынша, цифрлық трансформацияға бизнес те, ғылым да, білім беру жүйесі де, қарапайым азаматтар да белсенді араласуы керек. Осы бағыттағы өзгеріс күнделікті өмірдің өзіне дендеп енуге тиіс.
Әсем Рахметова жасанды интеллект туралы жеке заң қабылдау қажет деген ұстаным білдіреді. Оның ойынша, мұндай құжат инновацияны қолдау мен азамат қауіпсіздігі арасындағы тепе-теңдікті сақтайтын нақты әрі ашық ережелерді бекітеді. Әсіресе ЖИ бағытындағы стартаптар мен жаңа өнімдер нарыққа шықпас бұрын сапа мен сенімділік сүзгісінен өтуі қажет.
Автор жаңа заң жеке деректерді қорғау мәселесіне де айрықша мән беруі тиіс деп санайды. Оның айтуынша, кез келген цифрлық платформаны пайдаланған азамат оның қауіпсіз екеніне күмәнсіз сенуі керек.
Қазір нейрожелі мен цифрлық сервисті ересектер ғана емес, балалар да кеңінен қолданады. Сол себепті дерек қауіпсіздігі – шеткі емес, негізгі мәселе.
Әсем Рахметованың пікірінше, Қазақстан жасанды интеллекттің ұлттық тілдік модельдерін де дамытуы қажет. Бұл технологияны мемлекеттік тілге, ұлттық мәдениетке және қоғамдық ортаға бейімдеуге мүмкіндік береді. Осындай шешім елдің цифрлық егемендігін күшейтіп, отандық өнімдердің сапасын көтереді.
Автор сөз соңында алға қойылған міндетті орындауға толық негіз бар деп есептейді. Оның ойынша, азаматтардың қолдауы, Үкімет пен Парламенттің жауапты жұмысы қатар жүрсе, Қазақстанды алдағы үш жылда цифрлық елге айналдыру мақсаты орындалады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







