Үкімет Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: түйінді міндеттер және оларды цифрлық өзгеріс арқылы шешу» атты халыққа жолдауын орындауға арналған нақты іс-шаралар жоспарын бекітті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Құжат Үкімет отырысында қаралып, ел экономикасы мен әлеуметтік ахуалға тікелей әсер ететін басым бағыттарды қамтыды. Жоспарда инвестиция тарту, өнеркәсіпті күшейту, агроөнеркәсіп кешенін дамыту, логистика әлеуетін өсіру, кәсіпкерлікті қолдау, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту, адами капиталды жетілдіру және парламенттік реформаны іске асыру бағыттары белгіленген. Жалпы алғанда Президент тапсырмаларынан туындайтын 87 міндет нақтыланып отыр.
Жоспардағы ең елеулі қадамның бірі – Бас прокуратура жанындағы Активтерді қайтару жөніндегі комитеттің орнына Инвесторлардың құқығын қорғау комитетін құру. Бұл шешім Астана енді тек қаржыны қайтарумен шектелмей, капитал тарту мен инвестор сенімін сақтауға басымдық беретінін аңғартады. Оған қоса Ұлттық қор есебінен жоғары технология салаларына 1 млрд долларға дейін инвестиция салу көзделген.
Қаржы секторында да өзгеріс күшейеді. 2026 жылдың қаңтарына дейін банк нарығына жаңа ойыншыларды тартуға және банктердің экономиканы белсендірек қаржыландыруына жол ашатын жаңа заң қабылданбақ. Сонымен бірге криптоактивтерді қолдануға мүмкіндік беретін Alatau City іскерлік орталығы салынады. Ұлттық банкпен бірлесіп Мемлекеттік цифрлық активтер қоры құрылмақ. Осы тетік Қазақстанның қаржы жүйесін жаңа цифрлық кезеңге бейімдеуге бағытталған.
Логистика саласына да үлкен міндет қойылды. 2029 жылға қарай жүк тасымалының көлемін екі есе арттыру көзделіп отыр. Осы мақсатта Бақты–Аягөз темір жолы мен Сексеуіл–Бейнеу автожолы сияқты ірі инфрақұрылым жобалары жүзеге асады. 2026 жылы бірыңғай цифрлық Smart Cargo кедендік-логистикалық жүйесі енгізіледі. Ұлттық жүк әуе тасымалдаушысы да жұмысын бастауы тиіс. Яғни елдің транзиттік рөлі сөз жүзінде емес, нақты жүйелік жобалар арқылы күшеймек.
Ауылда құқықбұзушылықты тіркейтін камералар пайда болады
Ауыл шаруашылығы бағыты да кең ауқымда қамтылған. Алдағы үш жылда жалпы құны 1,2 трлн теңгеге жететін 200-ден астам агрожоба қаржыландырылады. «АПК-дағы инвестицияларға тапсырыс» бастамасы аясында ауыл шаруашылығы жобаларына 5 пайыздық жеңілдетілген несие беріледі. «Даму» қоры займның 80 пайызына дейін кепіл болмақ. Мұндай тәсіл агросекторға арзан қаржы жеткізіп, азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға тиіс.
Отырыста Премьер-министр Олжас Бектенов жол қауіпсіздігіне арнайы тоқталды. Оның айтуынша, автожол салу мен жөндеу кезінде Ішкі істер министрлігімен бірге талаптардың қатаң сақталуын бақылау керек. Облыс әкімдіктеріне трасса маңында мал жаю ережесін түсіндіру, жол бойындағы мобильді байланыс сапасын жақсарту және елді мекендерде құқықбұзушылықты тіркейтін камера санын көбейту тапсырылды. Республикалық маңызы бар жолдарда цифрлық бақылау жүйелері мен дрондар қолдану жоспары да қарастырылған.
Үкімет электрлі мопед пен самокат мәселесін де назардан тыс қалдырмады. Премьер-министрдің мәліметінше, осы жылы ғана елде электросамокатқа қатысты 360-тан астам жол-көлік оқиғасы тіркелген. Ол халықаралық тәжірибені мысалға келтіріп, Парижде 2023 жылдан бері жалға берілетін самокаттарға тыйым салынғанын, Мадридте былтыр қазаннан бастап жеке құралдарға ғана рұқсат берілгенін айтты. Ұлыбританияда мұндай көлікке мемлекеттік нөмір тағылып, жүргізушіден арнайы куәлік талап етіледі. Осыған байланысты Ішкі істер министрлігіне заңнамалық өзгерістерді жеделдету тапсырылды.
Жалпы құжаттың мазмұнына қарағанда, Үкімет Жолдауды формалды тізім күйінде қалдырмай, оны нақты мерзімі, қаржысы және жауапты құрылымы бар жоспарға айналдыруға тырысып отыр. Ендігі негізгі мәселе – осы міндеттердің қағазда емес, іс жүзінде орындалуы.
Айтқандай, жол апаты кезінде сыналатын краш-манекендер кейде өздері отырған көліктен де қымбат тұратынын білесіз бе?
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







