Атырау қаласының соты миллиондаған емес, миллиардтаған қаржыны айналдырған заңсыз әрекетке нүкте қойылды. Бұл кәсіби деңгейде құрылған, салықтан жалтаруды жүйелі түрде жүзеге асырған, жалған шот-фактураларды қару еткен қылмыстық топтың ісі еді. Тергеу деректеріне қарағанда, А.С. Тұяқпаев бастаған топ мүшелері С.А. Аргалаш пен А.С. Болатовпен бірлесіп, небәрі бірнеше жылда 8 миллиард теңгені жалған құжаттар арқылы қолма-қол ақшаға айналдырған, – деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Осы қылмыстық схеманың кесірінен мемлекетке 590 миллион теңгеден астам салық түспей, халықтың игілігіне жұмсалатын қыруар қаржы көлеңкеде қалып қойған.
Тюякпаев тек жалған құжат жасаумен шектелмей, қылмыстық жолмен келген 342 миллион теңгені өзінің жеке пайдасына заңдастырған. Қаражатты бақылауындағы компаниялардың есепшоттары арқылы жұбайының атына аударып, «таза ақша» қылып көрсетпек болған.
Бұл әрекет нағыз ақша жымқырушылардың кәсіби тәсілін көрсетеді. Қызығы, тергеу барысында 236 миллион теңге өз еркімен өтелгенімен, бұл жалпы соманың қасында теңізге тамған тамшыдай ғана. Сот үкімімен олардың пәтерлері, автокөліктері, тұрғын үйлері мемлекет пайдасына тәркіленді.
Мұндай қылмыстық схемалардың елімізде кездеспейтінін ешкім айта алмайды. Экономикалық қылмыстардың астарында әрқашан ұйымдасқан жүйе, байланыстар мен ықпал тетіктері жатады. Атыраудағы іс – соның айқын көрінісі.
Халықтың қалтасынан қағылған әр теңге елдің даму мүмкіндігін тежейді. Соттың үкімі тек үш адамның тағдырын ғана емес, экономикалық қауіпсіздікке қарсы жасалған шабуылдың салдарын да көрсетіп отыр. Бұл оқиға бір жағынан ескерту, бір жағынан сабақ іспетті. Заңды айналып өтемін дегендердің ақыры қайда апаратынын айдай әлемге жариялады.