Астанада 14-15 тамызда Қазақстан атеросклероз қоғамының үшінші жыл сайынғы съезі өтіп, оған офлайн және онлайн форматта 1,6 мыңнан астам дәрігер мен мейіргер қатысты. Мамандар атеросклерозды ерте анықтау, жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алу, цифрлық технология мен жасанды интеллектіні медицинаға енгізудің жаңа тәсілдерін талқылады, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Съезд Халықаралық атеросклероз қоғамы, Еуропалық атеросклероз қоғамы және ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылды. Қазақстан атеросклероз қоғамы бүгінде аталған халықаралық кәсіби ұйымдардың құрамында жұмыс істейді. Жиында елдегі кардиологиялық көмекті жетілдіруге арналған ғылыми әрі практикалық ұсыныстар қаралды.
Бағдарлама аясында 13 ғылыми сессия өтті. Биыл алғаш рет кардиоренометаболикалық синдром, мультидисциплинарлық команданың жұмысы, әйел денсаулығы мен жүрек, ми мен жүрек қызметінің атеросклероз және деменциямен байланысы жеке талқыланды. Сонымен қатар мейіргерлерге арналған арнайы сессия және Қазақстан атеросклероз қоғамының пациенттер қанатының отырысы ұйымдастырылды.
Съезд мінберінде 68 спикер сөз сөйледі. Оның 20-сы халықаралық медициналық орталықтар мен кәсіби қауымдастықтардың өкілдері болды. Олардың қатарында International Atherosclerosis Society және European Atherosclerosis Society сарапшылары бар.
Іс-шараға Қазақстанның барлық өңірінен 506 дәрігер мен мейіргер тікелей қатысты. Тағы 1 112 маман онлайн қосылды. Трансляцияны Қазақстаннан бөлек Ресей, Ұлыбритания, Қырғызстан, Молдова, Нидерланд, АҚШ, Қытай, Эстония және Грузиядағы мамандар тамашалады.
Съездің негізгі тақырыптарының бірі қан айналымы жүйесі ауруларына арналды. Мамандар жүрек-қан тамырлары аурулары әлемдегі өлім-жітімнің негізгі себебі болып отырғанын, ал жедел миокард инфаркті мен инсульт өлім мен мүгедектікке жиі әкелетін дерттердің қатарында екенін атап өтті. Көп жағдайда олардың түпкі негізінде жүрек пен ми артерияларының атеросклерозы жатады.
Съезде ұсынылған мәлімет бойынша, инфаркт пен инсульт жағдайларының шамамен 90 пайызының нәтижесіне атеросклероз ықпал етеді. Сондықтан мамандар аурудың пайда болу тетіктерін, қауіп факторларын, ерте диагностика мен заманауи емдеу әдістерін жан-жақты талқылады. Негізгі мақсат жүрек-қан тамырлары ауруларынан болатын өлім мен мүгедектік көрсеткішін азайтуға мүмкіндік беретін тәсілдерді жүйелеу болды.
Қазақстанда атеросклерозды диагностикалау мен емдеудің заманауи әдістері кезең-кезеңімен енгізіліп келеді. Сонымен қатар амбулаториялық және стационарлық кардиологиялық қызметті ұйымдастыруға қатысты жүйелік мәселелер шешіліп жатыр. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, Қазақстандағы аталған жұмыс IAS және EAS тарапынан жоғары бағаланған.
Съезд қорытындысында негізгі ұсыныстар арнайы резолюцияға енгізілді. Соның бірі липидология, атеросклероз және кардиоренометаболикалық синдром бойынша медицина мамандарын жүйелі оқытуға қатысты. Білім беру бағдарламаларынан өткен мамандарды міндетті сертификаттау да ұсынылып отыр.
Даярлық кардиологтармен ғана шектелмейді. Бағдарламаға жалпы практика дәрігерлерін, терапевтерді, эндокринологтарды, неврологтарды, нефрологтарды, қан тамыры хирургтарын және интервенциялық кардиологтарды қамту ұсынылды. Барлық өңірде мультидисциплинарлық команда құрып, мейіргерлерді де арнайы оқыту көзделген.
Тағы бір басым бағыт – облыс орталықтары мен ірі қалалардағы липид орталықтарының желісін кеңейту. Оларды халықаралық Lipid Clinic Network жүйесінің бір бөлігі ретінде дамыту ұсынылып отыр. Ал алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарында, әсіресе ауылдық жерлерде, атеросклероз кабинеттерін ашу қажеттігі көтерілді.
Мұндай орталықтар халықаралық стандарттарды күнделікті клиникалық тәжірибеге енгізуге мүмкіндік береді. Сонымен бірге олар дәрігерлерді оқыту мен ғылыми зерттеу жүргізетін мамандандырылған алаңға айналуы мүмкін. Сарапшылар өңірлер арасындағы медициналық көмектің сапасындағы алшақтықты азайту үшін аталған инфрақұрылымның маңызы жоғары екенін атап өтті.
Резолюцияда скрининг жүйесін кеңейтуге де ерекше назар аударылған. Популяциялық зерттеуді медициналық қызметкердің тікелей қатысуынсыз, жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану арқылы жүргізу ұсынылды. Мұндай тәсіл қауіп тобындағы азаматтарды ертерек анықтауға және профилактикалық жұмыстың ауқымын кеңейтуге жол ашады.
Мамандар қан айналымы жүйесі аурулары бар пациенттерді бағыттау мен тұрақты бақылау алгоритмін де жетілдіру қажет деп есептейді. Липид орталықтары мен атеросклероз кабинеттерінің базасында цифрлық технология мен жасанды интеллект көмегімен жаңа диагностика және емдеу әдістерін енгізу ұсынылды. Соның нәтижесінде пациенттің жағдайын ұзақмерзімді бақылауға және қауіп факторына ертерек жауап беруге мүмкіндік туады.
Съезд қатысушылары атеросклероздың тұқым қуалайтын түрлері бар пациенттер бойынша ұлттық регистрлер құру мәселесін де көтерді. Сонымен бірге азаматтардың жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алуға белсенді қатысуын және дәрігер тағайындаған емді тұрақты сақтауын күшейту қажеттігі айтылды. Профилактика медициналық ұйымдардың ғана емес, пациенттің де күнделікті жауапкершілігі ретінде қарастырылды.
Осылайша, Астанада өткен съездің қорытынды ұсыныстары атеросклерозды емдеумен ғана шектелмейді. Құжат медицина мамандарын даярлау, мамандандырылған орталықтарды дамыту, цифрландыру, жасанды интеллектіге негізделген скрининг және профилактикалық медицинаны қатар қамтиды. Жаңа модель жүрек-қан тамырлары ауруларымен күресті ауру басталғаннан кейін емдеуден ерте анықтау мен алдын алуға қарай бұруды көздейді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







