Қазақстанда заңсыз шығарылған активті қайтарумен айналысқан ведомство енді Инвесторлар құқығын қорғау комитеті болып қайта құрылады деп жазады Ertenmedia.
Бұл туралы Бас прокурор Берік Асылов өзінің жеке парақшасында хабарлады.
Ол бұған дейін заңсыз шығарылған активті елге қайтару бойынша жүргізілген жұмыстың нәтижесін бөлісті. Прокурордың айтуынша, мұндай ауқымды қаражат бұрын-соңды қысқа мерзімде мемлекетке қайтарылған емес.
Нақты дерек бойынша, заңсыз шығарылған қаржы көлемі 1,3 трлн теңгені құраған, соның 850 млрд теңгесі бүгінде бюджетке түсті. Бұл ақша әлеуметтік жобаларға жұмсалып, ел игілігіне жарады.
Нәтижесінде республика бойынша 207 су шаруашылығы нысаны, 177 медициналық мекеме және 14 білім мен спорт ғимараты салынған.
Сонымен қатар алдағы уақытта тағы 16 мектеп пен балабақша, 8 аурухана мен дәрігерлік амбулатория, 13 спорт кешені және 16 мәдени-демалыс орталығы бой көтереді. Бұған жалпы 122 млрд теңге бөлінген.
Олигополия өкілдерімен арнайы келісім жасалып, олар Қазақстанға 5,2 трлн теңге инвестиция құюға міндеттеме алды. Қаржының нақты қайда жұмсалатыны да белгілі.
«Алматыда заманауи туристік кешен, өңірлерде көлік-логистика орталықтары мен бірнеше өндіріс орны салынады. Соның ішінде ірі тау-кен байыту комбинатының құрылысы жоспарланған. Жоба аясында 3 мыңнан аса жаңа жұмыс орны ашылып, шикізат өндірісі мен өңдеу көлемі ұлғаяды. Елдің экспорттық әлеуеті нығайып, бюджетке түсетін салықтық кіріс артады», – деп нақтылады Асылов.
Қыркүйек айының басында президент Тоқаев инвесторларға қатысты саясатты түбегейлі өзгерту туралы шешім қабылдады. Бұрын заңсыз активтерді қайтарумен айналысқан комитет енді инвесторлардың құқығы мен мүддесін қорғайды.
«Басты мақсат ел экономикасына, оның ішінде бұрын шетелге заңсыз шығарылған қаржыны кері инвестициялауды ынталандыратын жүйе қалыптастыру», – дейді Асылов.
Осы бағыттағы жұмыс жүйелі түрде жүргізілуде. Жақында Берік Асылов Сингапурмен құқықтық келісімге қол қойды. Алдағы уақытта әлемнің басқа ірі қаржы орталықтарымен де байланыс орнатылады.
Прокуратура бұған дейін де инвесторларды қорғауға ерекше мән берген. Қазір прокуратура жалпы құны 87 трлн теңгеге бағаланатын 1,5 мыңнан астам инвестициялық жобаны бақылауға алған. Биылдың өзінде 937 мәселе шешімін тауып, 1732 инвестордың (оның ішінде шетелдіктер де бар) құқығы қорғалды.
Сондай-ақ прокурордың рұқсатынсыз тексеріс жүргізуге тыйым салатын «прокурорлық сүзгі» енгізілген. Соның арқасында заңсыз жүргізілген 370 тексеру тоқтатылып, бизнеске қатысты 438 әкімшілік іс пен 200 шектеу шарасы күшін жойған. Мем.органдардың кәсіпкерлерге зиян келтіретін мыңнан аса шешіміне прокурор келісім бермеген. 307 лауазымды тұлға жауапқа тартылған.
Осы шаралардың оң нәтижесі айқын көрінді. Мемлекеттік органдардың инвесторларға қарсы сот шағымы 60%-ға азайған, әкімшілік істер саны 12%-ға төмендеді, бизнеске қарсы қозғалған қылмыстық істер бірден он есе қысқарды (1553-тен 154-ке дейін).
Берік Асылов нақты мысал да келтірді.
Алматыда Haval, Chery және Changan маркалы жеңіл көліктер шығаратын мультибрендті зауыттың жұмысы ұзақ уақыт бойы бюрократиялық кедергілерге ұшыраған. 2022 жылдан бастап қала әкімдігі кәсіпорынға газ желісін тартуға рұқсат бермей, 2023 жылы құрылысқа қажетті архитектуралық-жоспарлау тапсырмасын алуға кедергі келтірген.
2024 жылы электр желілеріне қосылуға техникалық шарттар берілмей, өндіріс орнын іске қосуға кедергі жасалған. Прокуратура осы әрекетті тоқтатып, инвестордың мүддесін қорғап шыққан.
Сонымен бірге Бас прокуратура вагондар паркін жаңартуға берілген 1,7 млрд теңге субсидияны кері қайтаруды талап еткен мемлекеттік органның талабын Жоғарғы сот арқылы жоққа шығарған.
Берік Асылов комитет жұмысының басты мақсаты әрбір инвестор үшін түсінікті әрі айқын саясат жүргізу екенін атап өтті.
Жолдауға бармаған Бас прокурор: Берік Асылов Сингапурде не жоғалтты