Астана Ресей мен Украина арасындағы шиеленісті шешуге арналған келіссөз алаңы болуға әзір, деп хабарлайды Ertenmedia.
Мәжілістегі халықаралық іс, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Айдос Сарым RTVI арнасына берген сұхбатында осылай деді.
Депутаттың айтуынша, Қазақстан екі ел арасындағы қақтығысты тоқтатуға ықпал ете алса, сыртқы саясаттағы ірі жетістік болар еді. Оның пікірінше, Астанада Владимир Путин, Дональд Трамп және Владимир Зеленскийді бір үстел басына жинау Қазақстан үшін айтулы тарихи оқиға.
«Қазақстан мұндай тарихи келіссөздердің алаңына айналса, дипломатиядағы үлкен биікке шығар еді. Президенттің сыртқы саясаттағы ең елеулі жеңісі болатын еді. Қақтығысты тоқтатып, әлем назарындағы тұлғаларды Астанада тоғыстыру дипломатиялық тұрғыдан алып қарағанда аса зор жетістік», – деді Сарым.
Ол Қазақстанның Ресей мен Украина арасындағы келіссөзге не себепті тиімді орын екенін де түсіндірді. Оның пікірінше, Қазақстан екі елдің мәдениеті мен менталитетін жақсы түсінеді, екі тараптың да ұстанымын бірдей сезінеді.
«Бізге Ресей мен Украинаның көзқарасын аудармашысыз түсінуге болады. Қос елдің саяси әрі мәдени ерекшелігін қатар сезіне аламыз. Қазақтар екі жақтың да әлемді қабылдау логикасын басқаға қарағанда тереңірек түсінеді», – деді депутат.
Айдос Сарым посткеңестік кеңістіктегі интеграция мәселесіне де тоқталды.
Оның пікірінше, интеграциялық жобалар уақытша бастама емес, ұзақмерзімді әрі нақты негізі бар процесс.
«Біздің интеграциялық бірлестіктеріміздің болашағы бар. Себебі оның түбінде нақты адамдардың мүддесі тұр. Интеграциядан азаматтарымыз пайда көреді, отбасын асырайды, салығын төлейді. Интеграциялық процестерді саяси мәдениетті нығайтуға бағыттап, өзара адал қарым-қатынас орнатсақ, екіжақты түсіністікке жол ашамыз», – деді депутат.
Ол сонымен қатар аймақтағы кейбір саяси мифтер мен алыпқашпа әңгімелерге де пікір білдірді.
Депутаттың айтуынша, «Ұлы Тұран», «пантүркізм» секілді конспирологиялық тұжырымдар аймақты жете түсінбейтін, Ресейдің кейбір саяси технологтары ойлап тапқан жасанды ұғымдар.
«Бұларды ойлап тапқан саяси технологтар, шын мәнінде, аймақтың тарихын да, бүгінгі болмысын да жетік білмейді. Осындай қорқынышты образдарды қолдан жасай отырып, олар эфирден орын алуды, ақша табуды көздейді», – деді Айдос Сарым.
Айта кетейік, бұған дейін де Сарым Қазақстанның Ресей-Украина қақтығысындағы бейтарап ұстанымын сақтау қажеттігін айтқан еді. Оның пайымынша, шиеленіске араласу елді ауыр зардапқа соқтырады. Ол Ресеймен арадағы терең экономикалық байланысты үзу мүмкін емес екенін де атап өткен болатын.