Трамптың Ақ үйге қайта оралуы Орта Азия мен Қапқаздағы бұрынғы саяси тепе-теңдікті түбегейлі өзгертті деп хабарлайды Ertenmedia.
Саясаттанушы Аркадий Дубновтың пайымдауынша, Уашингтонның аймаққа ықпалы артып, Мәскеудің геосаяси сахнадағы рөлі әлсірей бастаған.
Оның айтуынша, бұған дейін Ресейдің сателлиті ретінде саналып келген елдер енді Мәскеудің тасасынан шығып, АҚШ-пен ірі келісімшарттарға қол қойып жатыр.
«Трамптың келуімен Орта Азиядағы жағдай күрт өзгерді. Мәскеудің «мәмілегерлік монополиясы» жойылып барады», – дейді Дубнов.
Тамызда Уашингтонда өткен келіссөзде Армения премьері Никол Пашинян мен Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Трамптың арағайындығымен бейбіт келісімге қол қойды. Аймақтың инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталған жобалар АҚШ-тың қолдауымен іске асады.
Осылайша, Ресей талай жыл «бас мәмілегер» болған аймақта қазір шетке ығысып қалған.
Орталық Азия осы өзгерістің ортасында тұр. БҰҰ Бас Ассамблеясы кезінде Қазақстан мен Өзбекстан АҚШ-пен бұрын-соңды болмаған ауқымды келісімдер жасасты. Қазақстан америкалық компаниядан 4 миллиард долларға локомотивтер алса, Өзбекстан 8,5 миллиардқа Boeing 787 Dreamliner ұшақтарына тапсырыс берді.
Дубнов бұл үрдістің әрі қарай тереңдей түсетінін меңзейді.
«Тоқаевтың Зеленскиймен ағылшын тілінде сөйлесуі символдық мәні зор көрініс. Мұның өзі біраз нәрсені аңғартады», – дейді ол.
Сарапшы Мәскеуде жақында ғана ашылған солтүстіккореялық «Пхеньян» мейрамханасын мысалға келтіріп, Ресейдің сыртқы саясаттағы бүгінгі деңгейін мысқылдай жеткізген.
«Мейрамханаға кіргенде Солтүстік Корея телеарналарының үгіт-насихаты көрсетіледі, фондағы музыкасы да соған сай. Келушілерді төлқұжатпен кіргізеді және «Оңтүстік Кореяда болған жоқсыз ба?» деп сұрайды», – дейді саясаттанушы.
Айта кетейік, бұған дейін Нью-Йорк сапары аясында Тоқаев Дональд Трамппен келіссөз жүргізіп, сирек металдар экспортын, энергетика саласындағы инвестициялар мен БҰҰ Қауіпсіздік кеңесін реформалау туралы ұсыныстарын талқылаған.
Сонымен қатар Goldman Sachs, PepsiCo, Amazon және Chevron басшыларымен кездесіп, Қазақстан экономикасына жаңа инвесторлар тартудың жолдарын пысықтады.