Жетісу облысында қант қызылшасынан басқа барлық ауыл шаруашылығы дақылдарын жинау жұмыстары жалғасуда. Бүгінгі күнге дейін 240,6 мың га немесе 87,1% дәнді дақыл жиналды. Оның ішінде бидай мен арпаны жинау толық аяқталды. Жалпы астық жинауға 10,7 мың трактор мен 1 009 комбайн жұмылдырылған, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Облыстық ауылшаруашылық басқармасы мамандарының мәліметінше, қазір 3,9 мың гектар жүгері алқабы шабылып, 28 мың тонна дән жиналған. Биылғы жылы облыс бойынша жүгеріден 308 мың тонна өнім алу жоспарланыпты.
– Бүгінгі күнге дейін жалпы 439,7 мың тонна астық бастырылды. Оның ішінде бидай, арпа, сұлы, жүгері, күріш бар. Орташа түсім гектарына 18,3 центнерді құрап отыр. Жиналған астықтың 260 мың тоннадан астамы мал азығына өткізілсе, 179,4 мың тоннасы қоймаға орналастырылды, – деп атап өтті басқарма өкілдері.
Майлы дақылдарға келер болсақ, 12,6 мың гектар алқап немесе 11,8% өнім жиналып, гектарынан 17,7 мың тонна өнім алынды.

6,3 мың гектарға себілген картоптың 4,9 мың гектары немесе 78,2%-ы жиналып, 104,5 мың тонна өнім алынды. Әр гектардың өнімділігі 213,9 центнерден айналды. Сондай-ақ, көкөніс алқабының 5,6 мың гектары немесе 82,1%-ы жиналып, 169,7 мың тонна өнім алынды. Орташа өнімділік гектарына 301,6 центнер. Бақша дақылдары толығымен жиналып, 48 мың тоннадан астам өнім алынды.
Ал қант қызылшасын жинау жұмыстарын 25 қыркүйекте бастау жоспарланып отыр. Қант қызылшасының өнімін облыстағы 2 қант зауыты 1 қазаннан қабылдай бастайды.
Айта кетейік, биыл Жетісу облысында күзгі дала жұмыстарына 7 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді. Минералды тыңайтқыштарды қолдану көлемін 58,8 мың тоннаға жеткізу жоспарлануда. Бүгінгі таңда 1904 шаруа қожалығы тарапынан 50,7 мың тонна немесе 86,3%-ы сатып алынып, пайдаланылды. Жалпы, биыл өңірде көктемгі егіс және жинау жұмыстарын жүргізуге Аграрлық несие корпорациясынан 14,3 млрд теңге бөлінді. Қазіргі уақытта 323 өтінім бойынша 7,4 млрд теңге несие берілді. Өтінім қабылдау жұмыстары жалғасуда.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі