Депутат Мақсат Толықбай Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринге депутаттық шағым айтып, шағын және орта бизнеске субсидия төлеудің кешіктіріліп жатқанына алаңдаушылық білдірді, деп хабарлайды Ertenmedia.
Депутаттың сөзінше, соңғы уақытта кәсіпкерлерге мемлекеттен уәде етілген субсидияны кешіктіріп төлеу «үйреншікті әдетке» айналған.
«Жүз мыңдаған кәсіпкер банк несиесін өтеу үшін мемлекеттен берілетін өтемақыны айлап күтіп, қиналып отыр. Қазір Алматыдан басқа барлық өңірде бұл бағдарлама тоқырап тұр. Оңтүстік астанадағы кәсіпкерлердің де жағдайы мәз емес. Аймақтарда бөлінген қаражат жазда-ақ таусылып қалған. Жаңадан түскен өтініштердің бәрі жауапсыз күйде», – деді депутат.
Толықбайдың айтуынша, Ұлттық банктің базалық мөлшерлемені көтеруі салдарынан екінші деңгейлі банктердегі несие мөлшерлемесі тым қымбаттап кеткен.
«Қазір бизнестің несие пайызы 25 пайызға дейін жетеді. Мұндай қымбат несиемен ешқандай кәсіп дамымайды, қайта күйрейді», – деп атап өтті ол.
Депутат «Даму» қорының деректеріне де күмән келтірді.
Қордың мәліметінше, жыл басынан бері банктер 300 млрд теңгеге 2200 жобаны мақұлдаған. Ал шын мәнінде, тек 120 млрд теңге ғана игерілген, яғни өтініш бергендердің 40 пайызы ғана несие алған.
«Қалған кәсіпкерлер қолдаусыз, далада қалды. Сонда бұл мемлекеттік бағдарламалардың кімге керегі бар?» – деді Толықбай.
Оның айтуынша, бизнеске кепілдік беру мәселесі де ақсап тұр. Кепілдікке қоятын мүлкі жоқ кәсіпкерлердің несие алуына қолдау көрсетудің орнына, Ұлттық экономика министрлігі «Даму» қорын капиталдандыру бойынша түсініксіз ереже ұсынған.
«Жаңа ережеге сәйкес, банктер «Даму» қорының капиталына міндетті жарна аударуға тиіс. Банктер бұл төлемді тіпті «квазисалық» деп атап отыр. Сонда банктер кәсіпкерге несие берудің орнына, мемлекеттік қорды қаржыландырумен айналыса ма? Мемлекет бизнес есебінен тағы бір кедергіні қолдан жасап отыр. Бұдан кәсіпкерге келер қандай пайда бар?» – деп сынады депутат.
Толықбай халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, мұндай қорларды қаржыландыруға мемлекет, даму институттары және шағын бизнестің дамуына мүдделі ірі кәсіпорындар бірлесіп қатысатынын айтты.
«Осылайша, банкке салмақ түспейді, бизнеске несие алу да жеңілдейді. Сондықтан қорды қаржыландыруға қатысушылар қатарын кеңейтуді ұсынамыз», – деді ол.
Осыған орай депутат екі маңызды талап қойып отыр:
- Біріншіден, шағын және орта бизнестің несиесіне субсидия төлеуді дереу қайта жандандырып, уақытылы және толық көлемде төлеуді қамтамасыз ету;
- Екіншіден, кепілдендіру қорын капиталдандыру тетігін қайта қарау, бұл процеске мемлекеттік даму институттарын, квазимемлекеттік компаниялар мен ірі кәсіпорындарды тарту және екінші деңгейлі банктердің жарна мөлшерін азайту қажет.
«Қазір жүз мыңдаған кәсіпкер мемлекеттің қолдауына сеніп отыр. Осындай сенімге селкеу түсіретін, бизнесті қолдаудан гөрі, оған кедергі келтіретін түсініксіз талаптар мен тиімсіз ережелерден бас тарту керек», – деп түйіндеді депутат.