Цифрлық платформалар үшін алдағы басты шайқас клиентті өзіне байлап, тартып алуға ұмтылу болмақ. Digital Bridge 2025 форумында Freedom Holding Corp басшысы Тимур Турлов цифрлық нарықтың болашағын осылай бағалады, деп хабарлайды Ertenmedia.
Турловтың пайымдауынша, цифрлық экожүйелердің нарықтағы жеке ойыншылардан күші де, әлеуеті де артып барады. Олар тұтынушыны тартатын қуатты гравитация қалыптастырып үлгерген.
«Экожүйе бұл жай ғана бренд емес, адамның күнделікті өміріне араласып кеткен орта. Тұтынушы оған қаншалықты жиі оралса, оның тәуелділігі де соншалықты артады. Бүгінде нарықтағы басты күрес клиентті кім көбірек тартып, кім көбірек ұстап тұрады дегенге келіп тірелді. Гравитация кімде болса, ақша сонда. Ал тарта алмаған платформа осы соғыста ақшасын ауаға шашып, түбінде тұтынушысынан айырылып тынады», – деді ол.
Экожүйенің табысы үш нәрсеге тәуелді: жиі қолданылатын өнім, клиенттің сенімі және тұтынушыны ұзақ мерзім бойы ұстау қабілеті.
«Мысалы, банк қызметі тұтынушы ең жиі қолданатын сервис. Клиентті өзіңе бір рет байласаң, сенімге кірсең, одан ажырату қиын. Клиент сенген сайын өзінің жеке деректерін көбірек бөліседі, экожүйенің ықпалы артады. Мұндай ортада тұтынушыға банк арқылы жылына бір-екі рет қана қажет болатын сақтандыруды да оңай өткізуге болады», – деді Freedom басшысы.
Турловтың айтуынша, қазіргі цифрлық платформалар адамға қажет қызметті өз уақытында ұсынып, клиентті артық сұрақпен мазаламайды.
«Бұл тәсілмен тұтынушыға жиі қолданылатын сервис арқылы әлдеқайда табысты өнімдерді сатуға болады. Мейлі ол концерт билеті болсын, әуе билеті немесе сақтандыру қызметі болсын. Адамдар бір брендке сенім артқаннан кейін, барлық қызметті сол брендтің шеңберінде алуға дайын. Бір жылдан кейін көпшілігіміздің жеке цифрлық көмекшіміз пайда болады. Ол азық-түлікті қашан және қанша алатынымызды болжап, концерт таңдап, демалысты жоспарлап береді», – деді ол.
Kaspi.kz басшысы Михаил Ломтадзе цифрлық нарықтағы жасанды интеллект айналасындағы әңгімені «алып көпіршікке» теңеді.
«Жасанды интеллектіні қазір бәрі мақтап, бәрі жарнамалап жатыр. Бірақ келесі бес жылда осы бағыттағы көптеген компания банкротқа ұшырайды. Бұл көпіршік жарылады. Аман қалғандары ғана адамдардың күнделікті мәселесін нақты шешуге қабілетті болып шығады», – деді Ломтадзе.
Оның айтуынша, жасанды интеллекттің негізгі міндеті қарапайым қызметтерді жеңілдету.
«Болашақта туристік жолдама аларда қолданушыға жеке деректерін қайта-қайта енгізудің қажеті болмайды. Жасанды интеллект адамның қажеттілігіне сай, уақытын, сапарын өзі реттеп береді. Біз нақты тұрмыстық қажеттіліктерді шешетін осындай сервис түрлеріне ғана сенеміз», – деді Kaspi басшысы.
Форумда сөз алған «Қазақтелеком» төрағасы Бағдат Мусин Қазақстанның цифрлық дамуында еркіндік пен кәсіпкерлік рухтың жетіспейтінін сынап өтті.
«Бізде әлі де жасанды интеллектіні тек мемлекет бақылауы тиіс деген көзқарас басым. Бизнесті кодекстер мен заңдармен буындырмай, отандық стартаптарға еркіндік беретін уақыт келді. Мемлекет кәсіпкерге қысым жасамай, керісінше оған сенуі керек. Ал бизнес жауапкершілігін жоғалтпай, мемлекет пен кәсіпкер арасындағы сенім көпірін бұзбауы тиіс», – деді Мусин.