Қазақстандағы банк туралы заңның жиі өзгеруі ықпалды топтардың мүддесі үшін жасалатын лоббизм. Блогер, қоғам белсендісі Ғалым Байтұқ осылай пайымдап отыр, деп жазады Ertenmedia.
Сарапшының айтуынша, «Қазақстандағы банк секторы елдегі ең тұрақсыз әрі көп өзгеретін сала». Мәселен, банк қызметіне қатысты заңға осы уақытқа дейін 140-тан астам өзгеріс енгізілген. Байтұқ мұны қаржы нарығындағы лобби әрекетімен байланыстырып отыр.
«Банк иелері қашанда ықпалды саясаткерлермен тығыз байланысты болды. Егер Қазақстандағы банк секторының тарихына мұқият қарасақ, заңдағы өзгеріс пен банктердің нарықтағы үстемдік ету кезеңінің бір-бірімен сәйкестігін көреміз», – дейді ол.
Байтұқтың сөзінше, 2000-жылдардың басында Қазақстанда жеке банк капиталы қарқынды дамыды.
Ол кезеңде ТұранӘлем, Қазкоммерцбанк, ЦентрКредит және Халық банк сияқты банктердің бағы жанып, оларға «олигархиялық топтар» ашық ықпал етті.
Сол уақыттағы банк туралы заңға бір-екі жылдың ішінде 6 рет ірі өзгеріс енгізілген. Мемлекет нарықты либералдандырып, сыртқы қарыз алуды жеңілдетіп, банктерге тәуекелге баруға мүмкіндік берген.
«2008-2009 жылдағы дағдарыс банк секторындағы күрделі кезең болды. БТА, Альянс, Темірбанк, Цесна сияқты қаржы институттары ауыр сынаққа тап болған тұста заңға екі жылда 9 өзгеріс енгізілген. Осы кезеңде мемлекет жеке активтерді құтқаруға араласты. Бұл әдепкі экономикалық реформа емес, лоббизмді заңдастырудың амалы еді», – дейді сарапшы.
Одан кейінгі кезеңде мемлекет банктерге қайтадан ықпалын күшейткен.
2010 жылдан кейін жеке банктерді Халық, Қазком, Цесна, Еуразиялық банк сияқты ірі ойыншылар ығыстырды. 2013–2016 жыл аралығында заң тағы өзгеріске ұшырап, банктерді қадағалау, консолидациялау, Ұлттық қордың араласуы жиіледі.
«2017 жылғы Халық банк пен Қазкомның қосылуы, ForteBank-тің күшеюі де кездейсоқ болған жоқ», – деп есептейді Байтұқ.
Қоғам белсендісінің ойынша, нарықтағы ойыншылар азайған сайын, заңдағы өзгеріс те көбейе түскен. Соңғы жылдары нарықта Халық, Jusan, Forte, Отбасы банк қалды. Ал Kaspi мен Freedom қарқынды дамып, банк жүйесі квазимемлекеттік құрылымға айналды.
«Қазір заңдағы өзгеріс финтех, цифрлық валюта мен open banking саласына бағытталғанымен, олардың логикасы өзгерген жоқ. Яғни ақша қайда болса, заң өзгерісі де сол жерге жасалады. Қазақстандағы әрбір банк дағдарысы нарықты тазартуға емес, жаңа ықпалды топтардың ыңғайына қарай ережені қайта жазуға әкеледі. Заң экономикаға емес, банк иелерінің мүддесіне қызмет етеді», – деп қорытындылады сарапшы.