Соңғы уақытта әлеуметтік желілердегі пікірлер мен реакциялар шынайы қоғамдық көзқарастың көрінісінен гөрі, арнайы ұйымдастырылған ақпараттық ағынның бір бөлігіне айналып бара жатқандай… Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы жүргізген зерттеу кезінде жүздеген жазбаның астында бір үлгіде пікір қалдырып, өздерін қарапайым қолданушы ретінде көрсететін адамдардың тұтас желісі анықталған.
Олар нақты бір оқиғаға қоғамның көзқарасын өзгертуге, талқылау бағытын бұрмалауға және адамдар арасында сенімсіздік тудыруға бағытталған әрекеттер көздеген.
Тролльдер көбінесе бір сценариймен жұмыс істейді. Алдымен қоғамда қызу талқыланып жатқан тақырыпқа назар аударады, содан кейін пікірталасты басқа арнаға бұрып, эмоция тудырып, адамдарды дауластыруға итермелейді.
Олар кейде мемлекеттік саясатқа, кейде жергілікті мәселелерге қатысты жазбалардың астында көрінеді. Бір қызығы, осындай желілерді әдетте жеке тұлғалар емес, кәсіби ұйымдастырылған топтар басқарады. Әрбір пікір, әрбір реакция есеппен жазылады. Көп жағдайда олардың артында белгілі тапсырыс берушілер мен ақпараттық технологиялар саласында тәжірибесі бар операторлар тұрады.
Сарапшылардың пайымдауынша, ақпараттық кеңістікте бұрмаланған пікірдің таралуы адамдардың сенім деңгейіне тікелей әсер етеді. Бір ғана теріс пікірдің өзі мыңдаған қолданушының көзқарасын өзгертіп жібере алады.
Тролльдер осындай психологиялық тетік арқылы қоғамдағы ақпараттық ортаны улайды. Олар пікірталастың шынайы бағытын бұрмалап, жалған эмоция тудыра отырып, шындықтың өзіне күмән келтіреді. Осылайша әлеуметтік желідегі белсенділік көбейгенімен, нақты мазмұн әлсірейді.
Мұндай жағдайда ең басты қорғаныс ақпаратты сүзгіден өткізу және сенімді дереккөзге сүйену. Әр адам пікір қалдырмас бұрын не бөлісер алдында сол ақпараттың қайдан шыққанын, кімге тиімді екенін ойлауы қажет.
Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығының өкілдері бұл құбылысты тек ақпараттық манипуляция емес, ұлттық қауіпсіздікке әсер ететін фактор деп бағалап отыр. Өйткені әлеуметтік сенімнің әлсіреуі қоғамның тұтастығына сызат түсіреді.