Ресейдегі pravda.ru сайты Қазақстанда ұлтшылдық өршіп барады деп байбалам салғанша, әуелі адам аттарын дұрыс жазып үйренсе жақсы болар еді. Журналистикасы жалған патриотизмге сүйеніп, фактімен емес, фантазиямен жұмыс істейтін осы сайт жуырда ҚР Сыртқы істер министрінің аты-жөнін шатастырып, Ермек Көшербаевтың орнына «Мурад Көшербаев» деп жазып жіберді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Мұны жай ғана техникалық қателік десек, тым аңғалдық болар еді. Себебі Ресейдің ақпарат алаңында Қазақстанға қатысты есімдерді бұрмалап жазуы (айтуы) әуелден келе жатқан әдеттері екенін жақсы білеміз.
Ойдан құрастырылған «ұлтшылдар» мен ел ішіндегі «тіл дағдарысы» pravda.ru үшін сүйікті тақырып. Түймедей дүниені түйедей етіп көрсетпесе, ішкен астары бойларына сіңбейтіндей…

Таяуда Ertenmedia елімізде тұратын Максим Қазначеев есімді саясаттанушының pravda.ru алаңында Қазақстандағы орыс тілінің жағдайына алаңдаушылық танытуы орынсыз екенін ашып жазды.
Қазір Кремльдің сойылын соғатын сайттар Қазақстанның ішкі тынысын түсінуге ұмтылмайды. Олар дайын сценариймен, баяғы кеңестік комплекспен жұмыс істейді.
Еліміздегі қазақ тілінің дамысы оны ұлтшылдыққа байланыстырады, ал қандайда бір пікірталас орын алса, оны саяси дүрбелеңге теңеуге бейім тұрады. Бірақ Қазақстан тәуелсіз ел. Оның ішкі пікір алаңы да, тіл саясаты да сыртқы ойыншылардың көзқарасымен емес, өз қоғамының сұранысымен айқындалады.

