Мақаншыда салынып жатқан құрама жем зауыты тек ауыл шаруашылығына арналған өндіріс орны тұтас аудан экономикасының тынысын кеңейтетін, жаңа дәуірге аяқ басатын нақты бастамалардың бірі. Абай облысы әкімі Берік Уәли осы өндіріс орнының жұмысымен танысып, шаруалармен тілдесті, – деп хабарлайды Ertenmedia.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Зауыт толық қуатына шыққанда, жыл сайын 1000 тонна құрама жем, 1000 тонна бидай, 1000 тонна күнбағыс дәні өңделіп, одан бөлек 300 тонна майлы дақылдар мен күнбағыс майы өндірілмек.
Мұның барлығы жай өндіріс процесі емес, ауылдың ішкі ресурсын іске қосып, сыртқа тәуелділікті азайтудың нақты амалы. Әсіресе мал шаруашылығымен айналысатын фермерлер үшін жем өндірісінің қолжетімді болуы өнімділікті еселейтін фактор.
Жоба жетекшісі Серік Рамбаевтың облыс әкімінен электр қуатына қатысты қолдау сұрауы, бұл істің қаншалықты нақты әрі техникалық кедергілермен бетпе-бет келіп тұрғанын аңғартады. Энергия жетіспеуі тек техникалық мәселе емес. Ол – өндірістің жүрмей қалуы, жұмыс орындарының ашылмауы, халықтың сенімінің ақталмауы деген сөз. Сондықтан аймақ басшысының Энергетика басқармасына жүктеген тапсырмасы – қағаздағы жауап емес, іс жүзіндегі шешімнің бастамасы болуға тиіс.

Бұған қоса, Мақаншы ауданында жалпы құны 21 миллиард теңгеге жететін тағы төрт ірі инвестициялық жоба жоспарланып отыр. Қазірдің өзінде 15 миллиард теңгенің үш жобасы іске асырылып жатыр. 228 адам жаңа жұмыс орнына орналасады. Бұл аудан көлеміндегі әрбір отбасының өміріне тікелей әсер ететін әлеуметтік жаңару.
Жергілікті халық үшін бұл жаңалық жай ғана құрылыс емес. Қарапайым еңбек адамы үшін бұл таңғы нанын ойламай, баласының болашағын бағамдай алатын тыныштықтың кепілі. Инвестиция тек шетелден келетін қаржы ғана емес. Ол ішкі тұрақтылықты, ұлттық сенімді, ауыл өмірінің жаңаруын қамтамасыз ететін құндылық.

