Уашингтонға ресми сапармен барған президент Тоқаев Ақ үйде Дональд Трамппен кездесіп, тарихи келіссөздер өткізді деп жазады Ertenmedia.
Жүздесуде тараптар екі елдің арасындағы көпжақты стратегиялық серіктестікті одан әрі тереңдету жолын талқылап, жалпы құны 17 млрд доллардан асатын келісімдерге қол қойылды. Инвестиция авиация, энергетика, цифрлық технологиялар мен инфрақұрылым салаларын қамтиды.
Трамптың әлеуметтік желідегі жазбасына сәйкес, келіссөз барысында Астананың Авраам келісімдеріне қосылатыны мәлім болған. Осылайша, Қазақстан Трамптың екінші президенттік мерзімінде аталған келісімге қосылған алғашқы мемлекетке айналды.
«Жақын арада ресми қол қою рәсімі өтеді. Бұл клубқа қосылғысы келетін елдер көп», – деді Дөкең.

Тоқаев Авраам келісіміне қосылу арқылы Қазақстан халықаралық тұрақтылық пен бейбітшілікті нығайтуға нақты үлес қосатынын атап өтті. Президенттің айтуынша, бұл Қазақстанның ешбір мемлекетпен екіжақты қарым-қатынасына әсер етпейді, керісінше көпбағытты дипломатияның жалғасы.
Тоқаев келіссөз кезінде Трамптың «Халықаралық бейбітшілік пен өркендеу бағытындағы Трамп маршруты» (TRIPP) атты бастамасын қолдайтынын білдірді. Жоба Қазақстанның Орта дәліз бастамасының дамуына қосымша серпін беруі мүмкін.
Орталық Азия – АҚШ саммитінде Тоқаев екі елдің ынтымақтастығының жаңа кезеңі басталғанын атап өтіп, Трамптың әлемдік саясаттағы рөліне жоғары баға берді.
«Сіздің алғашқы президенттік мерзіміңізде Қазақстан мен АҚШ-тың байланысы кеңейтілген стратегиялық серіктестік деңгейінде заңды түрде бекіді. Әмірика Қазақстан экономикасының мәңгі қозғалтқышына айналып, біздің елге 100 млрд доллардан астам инвестиция салды. Екіжақты сауда айналымы екі есеге өсіп, 5 млрд долларға жетті. АҚШ-тың ішкі нарығындағы уран сұранысының төрттен бірін қамтамасыз етеміз. Бүгінде елімізде 600-ден астам америкалық компания табысты жұмыс істеп жатыр», – деді Тоқаев.

Өз кезегінде Трамп Қазақстанның ерекше әлеуетін атап өтіп, Тоқаевты «көреген, аса көрнекті лидер» деп сипаттады. Ол журналистердің «Астанаға ресми сапармен келетін алғашқы АҚШ президенті боласыз ба?» деген сауалына:
«Мұндай мүмкіндікті жоққа шығармаймын. Бір жылдан кейін не болатынын кім білсін?! Сіздердің елдеріңіздің табиғи байлығы орасан, басшыларыңыз да көреген саясаткер», – деп жауап қатты.
Келіссөз барысында екі ел басшылары Израиль премьер-министрі Нетаньяхумен телефон арқылы сөйлесті. Әңгіме негізінен Қазақстанның Авраам келісіміне қосылуы туралы өрбіді. Тоқаев осы шешімді «қақтығыстарды еңсеріп, халықаралық құқықты нығайтуға бағытталған маңызды қадам» деп сипаттады.

«Авраам келісімдері бейбітшілік пен гүлденуге апаратын көпір. Ақорданың шешімі өзге елдерге де үлгі болады», – деді өз кезегінде Трамп.
Сондай-ақ, Тоқаев Трамптың «Американы қайтадан ұлы ету» тұжырымдамасынан шабыт алатынын жеткізді.
«Сіздің саясатыңыз әлемдегі тұрақтылыққа зор ықпал етті. Құрама Штаттар сіздің басшылығыңызбен жаңа алтын дәуірге аяқ басты. Мен «Әміриканы қайтадан ұлы ету» ұстанымыңыздан шабыт алып, Қазақстанды әділетті әрі қуатты ел ретінде дамытуға кірістім. «Заң мен тәртіп» қағидаты біздің басты бағдарымыз», – деді Тоқаев.
Кездесу соңында Дональд Трампты Қазақстанға ресми сапармен шақырып, екі ел арасындағы ынтымақтастықтың одан әрі күшейетініне сенім білдірді.
Тұшымды контентті Ertenmedia-ның телеграм арнасынан оқыңыз.

