Air Astana әуе паркін жаңарту мақсатында Boeing-тен 15 дана 787 Dreamliner ұшағын сатып алатын болды, деп хабарлайды Ertenmedia.
Әмерикалық компанияның ресми сайтындағы мәлімет бойынша келісім АҚШ-та өткен «С5+1» саммиті аясында бекітілген. Қазақстандық әуекомпания 15 дана Boeing 787-9 Dreamliner ұшағын сатып алып, алдағы онжылдықта Орта Азия мен Қапқазды Азия, Еуропа және Солтүстік Америкамен жалғайтын жаһандық бағыт желісін кеңейтуді жоспарлап отыр.
Келісім түпкілікті рәсімделген соң, Air Astana-ның тарихындағы ең ауқымды бір жолғы ұшақ сатып алу келісіміне айналады. Boeing компаниясының ақпаратына сәйкес, тапсырыстың арқасында Әмірика аумағында қосымша 20 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады.
«Осынау келісім Air Astana тарихындағы жаңа дәуірдің басталуы. Boeing 787-9 Dreamliner-дің алғашқы данасын келесі жылы алатын боламыз. Ұшақтың жайлы салоны, отын үнемдеу мүмкіндігі және ұзақ қашықтыққа ұшу қабілеті біздің стратегиялық жоспарымызға сәйкес келеді. Жаңа флот компания үшін де, қызмет сапасына ерекше мән беретін жолаушылар үшін де тиімді болатынына сенімдімін», – дейді Air Astana бас директоры Питер Фостер.
Әзірге Air Astana Еуропа, Азия және Таяу Шығыс елдеріне қатынайтын үш Boeing 767 кеңфюзеляжды ұшағын пайдаланып жүр.
Жаңадан келетін Boeing 787-9 ұшағы 303 жолаушыға арналған. Компания осы арқылы қолданыстағы маршруттарды дамытуға және жаңа бағытты, әсіресе Солтүстік Америкаға қатынайтын рейстерді ашуға ниетті.
Boeing компаниясының Еуразия және Үндістан өңірі бойынша сату жөніндегі вице-президенті Пол Ригидің айтуынша, Қазақстанның ұлттық әуе тасымалдаушысы 787 Dreamliner-дің көмегімен әлеуетін күшейтіп, аймақтағы авиациялық саладағы ірі ойыншыға айналады.
«Air Astana құрылған күнінен бастап Boeing ұшағын пайдаланып келеді. Компанияның 787-9 ұшағын таңдауы оның өркендеуіне және операциялық мүмкіндігін кеңейтуіне сәйкес келеді», – деді Boeing өкілі.
787 Dreamliner ұшағы қазіргі уақытта әлемдегі отын үнемдеуші әрі алысқа қатынайтын ең жайлы ұшақ саналады. Ұшақтар отбасын пайдаланатын авиакомпаниялар әлем бойынша күн сайын 500 мыңға жуық жолаушы тасымалдайды.
Айта кетелік, Boeing АҚШ-тағы ең ірі авиациялық-ғарыштық корпорациялардың бірі. Штаб-пәтері Иллинойыс штатындағы Әрлиңтон қаласында орналасқан. Компания коммерциялық әуе кемелерімен қатар әскери техника, ғарыш жүйелері мен қорғаныс өнімдерін өндіреді. Boeing Әміриканың ең ірі экспорттаушылары қатарында.
Тұшымды контентті Ertenmedia-ның телеграм арнасынан оқыңыз.

