«ҚазМұнайГаз» Лукойлдың Қарашығанақтағы үлесін сатып алуы мүмкін, деп хабарлайды Ertenmedia.
Әңгіме әлемдегі ең ірі газ-конденсат кенішінің бірі Қарашығанақ жобасындағы Лукойлдың 13,5 пайыздық үлесін сатып алу туралы болып отыр. Reuters агенттігінің дерегінше, аталған актив шамамен 1 млрд долларға бағалануда.
Қазір Қарашығанақ жобасының үлесіне Eni, Shell, Chevron, «ҚазМұнайГаз» және Лукойл компаниясы бірлесіп иелік етеді. Ресейлік компания санкцияға байланысты Қазақстандағы активтерін нарықтағы бағасынан түсіріп сатуға дайын көрінеді.
Биылғы жылдың басында Лукойлдың еншілес кәсіпорны Lukoil Overseas Karachaganak-тың таза активтері 1,05 млрд долларға бағаланған. Компания 2024 жылы 187 млн доллар, ал 2023 жылы 202 млн доллар таза пайда тапқан болатын.
Еске сала кетсек, қазан айында Лукойл шетелдік активтерін швейцариялық Gunvor Group-қа сатуға келіскен еді. Алайда Әміриканың Қаржы мин-і трейдерді Кремльмен байланысы бар деп айыптап, келісімді бұғаттап тастады. Gunvor тағылған айыпты негізсіз деп санағанымен, ұсынысын кері қайтарып алған.
Сарапшылардың айтуынша, келісімінің бұзылуы Лукойлдың қазақстандық активтеріне Батыстағы басқа компанияның немесе жергілікті ойыншылардың «құда түсуіне» жол ашуы мүмкін.
Оның ішінде «ҚазМұнайГаз» басым сатып алу құқығына ие болып отыр. Мамандар пікірінше Астана осы арқылы стратегиялық маңызды мұнай-газ жобасындағы бақылауын күшейте алады.
Лукойл Қазақстанда Қарашығанақ жобасымен қатар, «Теңізшевройл» консорциумында 5 пайыздық үлеске ие. Алматы облысында жағармай өндіретін зауыты бар және Каспий құбыр консорциумына (КТК) қатысады.
Айта кетелік, Трамптың санкциясы 2025 жылдың 21 қарашасында күшіне енеді. Еліміздің Энергетика министрлігі Қарашығанақ консорциумындағы кез келген серіктестіктің санкциялық тәртіпке сәйкес мұқият тексерілетінін мәлімдеп отыр. Лукойл? Шектеулер компанияға қазірдің өзінде кесірін тигізуде.
Ertenmedia осының алдында АҚШ санкциясы орыстардың компаниясын қалай теңселтіп жатқанын тарқатып жазған болатын.
Компанияның Ирактағы ең құнды активі «Батыс Курна-2» кен орнындағы жұмысын тоқтатқан. Ирак санкцияға байланысты «Лукойлға» төлемдерді де тоқтатқан. Елдің мемлекеттік мұнай компаниясы (SOMO) қараша айында ресейлік тарапқа берілуі тиіс болған 4 млн баррель мұнай жеткізілімін де доғарған.
Басра портынан 65 шақырым жерде орналасқан «Батыс Курна-2» әлемдегі ең ірі мұнай кен орындарының бірі, Ирак мұнай өндірісінің 9%-ын қамтамасыз етеді. Қазіргі уақытта тәулігіне 480 мың баррель мұнай өндіріліп отырған осы кен орнындағы жұмыс алты ай ішінде қайта жанданбаса, «Лукойл» жобадан толық кетуі мүмкін.
Ал Бұлғария үкіметі «Лукойлға» тиесілі Бұрғас мұнай өңдеу зауытын өз бақылауына алуға дайындалып жатыр.
Ел премьер-министрі Росен Желязков зауытта қауіпсіздік шарасы күшейтілгенін, үкіметтің кәсіпорынды мемлекеттік бақылауға алып, жаңа инвесторға сатуға құқылы екенін айтты. Өткен аптада бұлғар парламенті тиісті заңды бекіткен болатын.
Аталған жағдай «ҚазМұнайГазға» үлкен мүмкіндік беріп отыр. Бұған дейін ҚМГ Бұрғас зауытын сатып алуға әрекет жасаған. Кәсіпорын қазақстандық мұнаймен үйлесімді әрі «ҚазМұнайГаздың» Батыс нарығына шығуы үшін маңызды стратегиялық алаң бола алады.
Соңғы оқиғаларды мұқият бақылап отырған Лондон Лукойлдың Қазақстандағы активтерін санкция тізімінен уақытша мерзімге алып тастады. «Теңізшевройлдағы» 5 пайыз, Қарашығанақтағы 13,5 пайыз және Каспий құбыр консорциумындағы 12,5 пайыз үлеске қатысты шектеу 2027 жылдың қазанына дейін қолданылмайды.
Тұшымды контентті Ertenmedia-ның телеграм арнасынан оқыңыз.
Кремльдегі қаралы қараша: «Лукойл» Бұрғас пен Басрадан айырылуда

