Теңіз жобасындағы ірі келісім Қытайдың қолына өтті. Қытайлық компаниялар «ҚазМұнайГаздың» еншілес мекемесі KMG Petrochem-мен ауқымды келісімшартқа қол қойды, деп хабарлайды Ertenmedia.
Қытайдың үш бірдей компаниясы China Petroleum Pipeline Engineering (CPP), CPPE Kazakhstan және Citic Construction Қазақстандағы ең ірі мұнай кеніші саналатын Теңіздегі ілеспе газды өңдеу жобасына қатысады. CPP компаниясы бірнеше ірі халықаралық бәсекелесті артқа тастап, келісімшартқа ие болған.
Мәміле бойынша Қытай компаниялары Теңіз газын бөлу кешенінен (ГСК) өндірілген сұйытылған этан мен пропанды Атырау маңындағы газ өңдейтін зауыттарға жеткізетін екі құбырдың құрылысын жүргізеді.
Теңіз кенішінде ілеспе газ өндірісі биыл айтарлықтай артқан. Бұған дейін «Теңізшевройл» компаниясы кен орнында жүргізілген ауқымды модернизацияны аяқтап, мұнай мен газ өндірісін үштен бірге ұлғайтқан еді. Қазір өндіріс көлемі тәулігіне шамамен 1 млн баррель мұнай эквивалентіне жетіп отыр.
Газ бөлу кешені (ГСК) 2029 жылы іске қосылады деп жоспарланған. Құбырдың жалпы қуаты жылына 9,1 млрд текше метрге дейін жетеді.
Upstream басылымының ақпараты бойынша, CPP компаниясы жобаны жүзеге асыру үшін 458 млн долларлық ұсыныс жасаған. Кейінгі келіссөз барысында бұл сома 425 млн долларға дейін төмендеген.
Бірінші құбырдың диаметрі 16 дюйм. Ол жыл сайын 1,6 млн тонна сұйытылған этанды ГСК-дан құны 7,4 млрд доллар болатын полиэтилен зауытына жеткізеді. Аталған зауыттың құрылысы былтырғы қыркүйекте басталған. Операторлары KMG Petrochem, қытайлық Sinopec және ресейлік «Сибур» компанияларынан құралған консорциум.
Екінші құбырдың диаметрі 12 дюйм. Ол ГСК-дан жылына 360 мың тонна сұйытылған пропанды Атыраудағы пропилен зауытына жеткізеді. Зауыт 2022 жылдың қарашасында іске қосылған болатын. Сонымен бірге, осы құбыр арқылы «Теңізшевройл» Атырауға жылына 630 мың тоннаға дейін сұйытылған пропанды жеткізе алады.
CPP-мен бірлесе жұмыс істейтін CPPE Kazakhstan Қытай ұлттық мұнай-газ корпорациясының (CNPC) Қазақстандағы еншілес компаниясы.
Үшінші серіктес Citic Construction компаниясы жобаны Қытай тарапынан қаржыландыруға жауап береді. Ол Қытайдың Экспорт-импорт банкі (Эксимбанк) және Citic Group құрамындағы басқа да қаржы ұйымдарымен бірлесіп, ірі жобаларды қаржыландыруды ұйымдастырады.
KMG Petrochem Қытайдың мемлекеттік даму банкімен құрылыс жұмыстарына қаржы бөлу туралы келісімге қол қоюды жоспарлап отыр. Upstream ақпараты бойынша, жобаны іске асыру барысында CPP жергілікті қазақстандық компаниялармен қатар, қытайлық қосалқы мердігерлерді тартады. Ал құбырларға қажетті материал Қытайдан жеткізілмек.
Тұшымды контентті Ertenmedia-ның телеграм арнасынан оқыңыз.

