Жыл соңына дейін Қазақстан аумағында шетелдік инвесторлардың қатысуымен жалпы құны 1,2 млрд доллардан асатын 40-тан астам жоба жүзеге асырылады, деп хабарлайды Ertenmedia.
«Kazakh Invest» ұлттық компаниясының мәліметінше, инвесторлардың басты назары өңдеу өнеркәсібі, логистика, агроөнеркәсіп, жаңартылатын энергетика және медицина саласына ауған.
Компания соңғы екі жылда Қазақстанға негізгі серіктес елдердің қызығушылығы күрт артқанын атап өтті.
Мысалы, Қатардың тікелей инвестиция көлемі 2023 жылы небәрі 9 млн доллар болса, биылғы бірінші жартыжылдықтың өзінде бұл көрсеткіш 1,1 млрд долларға жеткен. Инвестицияның мұндай қарқынмен артуы Қатар инвесторларының қаржы секторы, логистика, энергетика және өнеркәсіп жобаларына басымдық беруімен байланысты.
Қытайлық компаниялар да шикізат секторынан шығып, өңдеу өнеркәсібіне, ауыл шаруашылығына, металлургия мен химия саласына инвестиция құюда.
«Бұл Қытайдың ішкі нарығындағы қуаттылықтың артуымен, жаңа өндіріс орындарын шетелге орналастыру қажеттілігімен, сондай-ақ Қазақстан арқылы ЕАЭО және Еуроодақ нарығына шығу мүмкіндігімен түсіндіріледі», – дейді компания өкілдері.
АҚШ инвесторлары болса, шикізат секторынан өңдеу өнеркәсібіне, тағам өнеркәсібіне, машина жасау мен жоғары технологиялық өндірістерге көшуде.
«Әмірикалық компаниялар Қазақстанды жоғары қосылған құны бар өнім шығарып, экспортқа бағдарланған өндірістерді орналастыру алаңы ретінде қарастыруда. Мұның жарқын мысалы PepsiCo, Wabtec, GE Healthcare компаниясы және Cove Capital-дың Tau-Ken Samruk-пен келісімі», – деп атап өтті «Kazakh Invest».
Еуропалық компаниялар, әсіресе Германия мен Франциядан келген инвесторлардың қызығушылығы да ерекше байқалады. Бұған себеп Еуропа нарығындағы шикізатқа деген сұраныстың артуы, тұрақты жеткізу тізбегін қамтамасыз ету қажеттігі және Қазақстанның Орта Азиядағы өндірістік-логистикалық хаб ретіндегі тартымдылығы.
Еуропалық компаниялар жаңартылатын энергетика, металлургия, құрылыс материалы мен азық-түлік өндірісіне қаржы салуда.
«Kazakh Invest» алдағы уақытта жүзеге асатын бірнеше ірі жобаға тоқталды:
- PepsiCo компаниясы Алматы облысында тұзды тіскебасар өнімдерін шығаратын зауыт салады (құны 368 млн доллар, қуаты жылына 210 мың тонна өнім). Кәсіпорын 2026 жылдың ортасында іске қосылады.
- Fufeng Group Жамбыл облысында агробиохимиялық индустриалды парк құрылысын бастады (құны 800 млн доллар, қуаты жылына 1-3 млн тонна жүгері өңдеу). Зауыт 2026 жылдың қаңтарында іске қосылмақ.
- Qingdao Wanlin Food компаниясы Түркістан облысында құрғақ көкөніс өндіретін зауыт құрылысын аяқтады (құны 90 млн доллар, қуаты – жылына 50 мың тонна өнім). Зауыт жыл соңына дейін жұмысын бастайды.
- Fujian Hengwang Investment компаниясы Жамбыл облысындағы «Jibek Joly» арнайы экономикалық аймағында құны 1,2 млрд доллар болатын металлургиялық зауыт салады (қуаты жылына 3 млн тонна болат). Зауыт 2026 жылы іске қосылады.
- Испаниялық Roca Group Қызылорда облысында сантехника өнімдерін шығаратын зауыт салады (құны 70 млн доллар). Құрылыс жұмысы 2026 жылдың алғашқы тоқсанында басталады.
«Kazakh Invest» өкілдерінің айтуынша, жаңа инвестициялық толқын Қазақстанды тек тауар сату нарығы емес, өндіріс алаңы ретінде пайдалануды көздейді. Мұндағы өнімдер экспортқа шығарылып, елдің өңірлік нарықтарға шығу мүмкіндігін арттырады.

