Теңіз кен орнындағы мұнай өндірісінің күрт өсуі «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының табысын айтарлықтай арттырды, деп хабарлайды Ertenmedia.
Компанияның жариялаған есебіне сәйкес, биылғы қаңтар-қыркүйек аралығында «ҚазМұнайГаздың» Теңіздегі үлесі тәулігіне 178 мың баррельге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 42 пайызға ұлғайған. Chevron басқаратын ірі кеніште отандық холдингтің үлесі 20 пайыз.
Есептік кезеңде ілеспе газ өндіру көлемі де шамамен 49 пайызға артып, «ҚазМұнайГазға» тиесілі көлем 3,5 млрд текше метрге жуықтаған.
Биылғы мұнай бағасының төмендеуіне қарамастан, жалпы құны 47 млрд доллар тұратын Теңіз кенішін кеңейту жобасы сәтті іске қосылып, соның нәтижесінде холдингтің табысы жылдық есеппен 11 пайызға артты.
Тоғыз айдағы жиынтық кіріс 7,1 трлн теңгеге (13,6 млрд доллар) жуықтады. Осының арқасында компанияның таза пайдасы да өткен жылмен салыстырғанда 16 пайызға өсіп, 1,2 трлн теңгеге жеткен.
Сонымен қатар, өндірістің өсуі Теңіз мұнайын Қара теңіздегі Новороссийск портына жеткізетін Каспий құбыр консорциумынан түсетін табысты ұлғайтқан. «ҚазМұнайГаздың» бұл консорциумдағы үлесі 20,75 пайыз.
Дегенмен еліміздегі екінші ірі кеніш Қашағандағы өндірісте аздап төмендеу байқалған. Биыл компанияның үлесі тәулігіне 66 мың баррельге дейін, шамамен 2 пайызға кеміген. Бұған кен орнындағы ілеспе газ көлемінің күрт өсуі себеп болып отыр. Кеніште «ҚазМұнайГаздың» үлесі 17 пайызға жетеқабыл.
Үшінші ірі кен орны Қарашығанақта холдингке тиесілі үлес тәулігіне 24 мың баррель конденсатты құрап, 3 пайыздан аса өскен. Қарашығанақтағы компания үлесі 10 пайыз.
Осы кезеңде бірлескен кәсіпорындардан алынған дивиденд көлемі де айтарлықтай артып, былтырғыдан 37 пайызға өсіп, 763 млрд теңгеге жеткен. Мұның ішінде ең үлкен үлес Теңіз кен орнынан түскен табысқа тиесілі.
Бұған қоса, «ҚазМұнайГаздың» таза қарызы бір жыл ішінде 57 пайызға азайып, 496 млрд теңге шамасында тұрақтаған. Ал компанияның қолма-қол қаражаты мен балама активтері 29 пайызға ұлғайып, 3,6 трлн теңгеден асқан.

