Президент Тоқаев елдегі жүк авиациясының қазіргі ахуалына көңілі толмайтынын жеткізіп, саланы дамытудағы нақты кедергілерді атады, деп хабарлайды Ertenmedia.
Тоқаевтың айтуынша, әлемде әуе тасымалы нарығы жылдам қарқынмен дамып жатыр. Қазақстан дәл қазір осы мүмкіндікті пайдаланбаса, халықаралық транзиттік тасымал бағыты басқа елдерге, әсіресе Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказ мемлекеттеріне ойысып кетуі әбден мүмкін.
«2040 жылға қарай Азия мен Еуропа арасындағы жүк тасымалының 20 пайызы әуе арқылы жүретін болады. Мұндай жағдайда Қазақстанның мультимодальды логистикалық жүйесін құруға толық мүмкіндігі бар. Ол әуе, теміржол және автокөлік тасымалын бір жүйеге біріктіруі тиіс. Біз бүгін нақты әрі батыл шешім қабылдамасақ, осы мүмкіндіктен айырылып қалуымыз ғажап емес», – деді президент.
Мемлекет басшысы Қазақстанның әуе хабтары жүк ұшақтарын тек жанармай құйып, техқызмет көрсетумен ғана шектеліп отырғанын сынға алды. Оның пікірінше, әуежайларды толыққанды модернизациялап, транзиттік жүктерді өңдейтін, біріктіретін және басқа да маңызды операцияларды жүзеге асыратын ірі орталыққа айналдыру қажет. Сонда ғана елдің пайдасы артады.
«Бүгінгі транзиттік жүк тасымалының қосымша құны тым төмен деңгейде. Бізде әуе хабтары негізінен ұшақтарға жанармай құю немесе техникалық қызметпен шектелген. Жүкті өңдеу, сақтау, сұрыптау секілді маңызды операциялар орындалмайды. Бұл ма, бұл инфрақұрылымның нашар дамығанының нақты көрінісі», – деді президент.
Оның айтуынша, елдегі әуежайлардың инфрақұрылымы ескірген, қызмет тарифтері соңғы 10 жылда өзгермеген. Сондықтан алдағы уақытта қызмет ақысын арттырмай, инфрақұрылымды жаңғырту мүмкін емес.
Президент сонымен қатар, саладағы шектен тыс бюрократиялық кедергілерді де сынға алды.
«Компанияларды конкурспен іріктеудің бюрократиялық процедурасы тым күрделі. Шарт мерзімдерін негізсіз шектеуді тоқтату керек», – деп қатаң ескертті Тоқаев.
Мемлекет басшысы авиаотынның қымбаттығы мен ішкі нарықтағы отын өндірісінің тапшылығын негізгі мәселе ретінде атап, осы бағытта нақты шаралар қабылдамаған жауапты министрлердің әрекетсіздігін сынға алды.
Сонымен қатар, президент пайдалануы 25 жылдан асқан ұшақтарға қойылған тыйымды алып тастау мәселесін де көтерді. Оның айтуынша, шектеуді алып тастау нарыққа жеке компаниялардың тезірек кіруіне мүмкіндік береді. Өйткені ескі ұшақтардың бағасы жаңа техникадан әлдеқайда арзан.
«Мысалы, АҚШ-та FedEx компаниясының ұшақтарының орташа жасы 28 жыл, UPS компаниясында 30 жыл, британдық One Air әуе компаниясында 33 жыл», – деді Тоқаев.
Президент транспорттық-логистикалық саланы дамытуды өзінің жеке бақылауына алатынын айтып, Үкіметке тарифтер, авиаотын мәселесі, инфрақұрылымды жаңарту, цифрландыру және мамандар дайындау ісін тез арада шешуді тапсырды.
Forte тағы да тіл дауына ұрынды: Қазақша сөйлеген клиентке қойылған «орысша шарт»

