Қазақстан мен АҚШ шағын модульді реакторлар технологиясын дамытуға ерекше басымдық берді, деп жазады Ertenmedia.kz.
АҚШ Мемлекеттік департаменті 2025 жылдың соңында Қазақстанда шағын модульді реакторлар (ШМР) технологиясын пайдалану бағытындағы екі жаңа жобаны қолға алғанын жариялады. Аталған бастамалар америкалық FIRST («Шағын модульді реакторлар технологиясын жауапты пайдалану үшін инфрақұрылымды дамыту») бағдарламасы аясында жүзеге асырылады. Қазақстан бағдарламаға қатысып отырған Орталық Азиядағы алғашқы мемлекет.
АҚШ-пен атом альянсы
Бағдарламаның алғашқы бағыты ретінде Алматыдағы Ядролық физика институтында арнайы оқыту симуляторы орнатылады. Симулятор мамандарды реакторларды пайдалану, қауіпсіздік жүйелерін қамтамасыз ету және төтенше жағдайларға жедел әрекет етуге үйретеді. Жобаны америкалық Holtec International және Curtiss-Wright тобына кіретін WSC Inc. компаниялары іске асырмақшы. Осының арқасында еліміз техникалық әлеуетті күшейтіп, болашақта лицензиялау және құрылыс жүргізу туралы шешімдер қабылдайтын мүмкіндікке ие болады.
Екінші бағыт, Қазақстанда америкалық шағын модульді реакторларды қолданудың техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу. Зерттеуді америкалық Sargent & Lundy инжинирингтік фирмасы жүргізеді. Техникалық бағалау барысында реакторлардың электр жүйесіне кірігуі, орналасу орны, салқындату талаптары мен пайдалану мерзімдері зерттелмек.
Зерттеу нәтижесі Қазақстанның белгілі бір реактор технологиясын таңдауға міндеттемейді, бірақ қазақстандық энергожүйе мен географиялық жағдайға сәйкес келетін реакторлардың тізімін қалыптастырады.
Қазақстанның атом энергетикасына қайта бет бұруы өткен жылдың қазан айындағы референдум нәтижесімен бекітілген болатын. Ол кезде ел азаматтарының 71,12%-ы атом электр станциясын салуды қолдап дауыс берді. Қазақстан 1999 жылы Ақтаудағы БН-350 реакторы жабылғаннан бері атом энергиясын өндіруден қол үзген-ді. Энергетика саласындағы мамандар елде электр қуаты тапшылығының өсуін алға тартып, атом энергетикасын дамытудың қажеттігін баса айтуда.
Атом энергетикасының жаңа беталысы
Қазақстан әлемдік ядролық отын нарығында маңызды орынға ие. Әлемдік уран өндірісінің шамамен 40%-ы, анықталған уран қорының 14%-ы елімізде орналасқан. Соған қарамастан, Қазақстан өз энергетикалық қажеттіліктерін көмір мен газ арқылы қамтамасыз етіп отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдің әлемдік уран нарығындағы орны ядролық энергетиканы дамытудың экономикалық әрі стратегиялық қажеттігін арттыратынын бірнеше мәрте атап өткен болатын.
Алғашқы атом электр станциясын салу бойынша Қазақстан ресейлік «Росатом» компаниясын таңдап, Балқаш көлі маңындағы Үлкен ауылында ВВЭР-1200 типті екі реакторды орнатуды жоспарлауда. Сондай-ақ, Қазақстан екінші атом станциясын салу үшін Қытай Ұлттық ядролық корпорациясымен келіссөз жүргізіп жатыр.
Осылайша Қазақстан ядролық энергетика саласында көпвекторлы саясат ұстанады. Ал америкалық тараппен жүргізілетін шағын модульді реактор жобалары балама әрі қосымша бағыт ретінде қарастырылып отыр.
Жалпы алғанда, АҚШ-пен арадағы шағын модульді реактор технологиясы бойынша ынтымақтастық Қазақстанның атом энергетикасы саласындағы техникалық мүмкіндіктерін кеңейтіп, келешекте энергетикалық шешімдерді жан-жақты талқылауға мүмкіндік бермек. Бұл қадам еліміздің ұзақ мерзімді энергетикалық стратегиясының ажырамас бөлігіне айналуы мүмкін.
Айтпақшы, Дүниежүзілік ядролық қауымдастық (WNA) есебіне сүйенсек, алдағы бес жыл ішінде атом электр станцияларына қажетті уран көлемі шамамен 30%-ға артады. Қазақтың айы оңынан туайын деп тұр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

