Доналд Трамптың «Бейбітшілік кеңесіне» Путин де шақырту алды деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Кремль көсемі бірден бас шұлғи салмай, алдымен «стратегиялық серіктестерімен» кеңесетінін жеткізген екен. Сарапшылардың пікірінше, Мәскеу осындай сәтте ең алдымен Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірін білуге тырысады.
Дөкең, Доналд Трамп Давоста ұсынған жаңа ұйымға Қазақстанмен қатар Аргентина, Косово, Марокко, Венгрия, Индонезия мен Иордания қол қойып үлгерді.
Алғашында әрі кетсе Ғаза секторындағы қақтығысты шешуге бағытталған ұйым әлдеқайда ауқымды геосаяси ойыншыға айналуы мүмкін. Трамптың өзі су жаңа ұйымның БҰҰ-ны алмастыратын әлеуеті бар екенін айтып, масаттанып отыр.
«Бейтбішілік кеңесіне» Мәскеуді қосуға мүдделі боп отырған Ақ үй басшысының арғы мақсаты әзір белгісіз.
«Кремль қожайыны мұндай шешім қабылдарда серіктестер уәжіне сүйенетінін айтып отыр. Дәл қазір Мәскеу үшін сырт көздің бағасы ауадай қажет. Путиннң «стратегиялық серіктес» деп отырғаны ресми Астана болуы ғажап емес. Ұйымға кірмей тұрып президент Тоқаевпен міндетті түрде ақылдасып, тек содан соң барып шешім қабылдамақ», — дейді сарапшы Нұрлан Жұмахан.
Оның пікірінше, Мәскеудің мұндай мәселеде Ақорданың сөзіне құлақ асуы біздің елдің беделін айқындап тұр.
Айта кетелік, Уашиңтон сапары барысында Тоқаев Путиннің бұдан әрі шегіне алмайтынын айтқан.
«Тамызда оның Донбасстағы фронт сызығын қазіргі шекарада бекітіп, Киевке осы ұсынысты қабылдауға шақыруы айтарлықтай алға жылжу. Ол бұдан артық шегінуге «ішкі қоғамдық пікірді» ескере отырып бара алмайды», – деген болатын Мемлекет басшысы.
Бұған дейін біз Тоқаев пен Трамптың Давостағы тосын детальға толы әңгімесіне егжей-тегжейлі тоқталған едік.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

