Алматыда пәтер тонауды кәсіпке айналдырған қылмыстық топ қолға түсті деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Ұйымдасқан топ қала аумағындағы тұрғын үйлерге ұрлыққа түсіп, бағалы бұйымдар мен ақшаны қолды етіп отырған. Ұсталғандардан нақты айғақтар тәркіленіп, бірқатар ұрланған мүлік иелеріне қайтарылды.
Қазір полиция олардың басқа қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр. Бірнеше ұрлық фактісі бойынша тергеу басталды.
Алматы қалалық криминалдық полиция басқармасының бастығы Асхат Дәулетияровтың айтуынша, қазір топтың барлық мүшелері ұсталып, тергеу жалғасып жатыр.
«Халықтың мүлкін қорғау біз үшін басты міндеттердің бірі. Ұйымдасқан қылмыстық топ әшкереленіп, оның барлық мүшелері қолға түсті. Мұндай қылмыстармен күресті одан әрі жалғастырамыз», – деді полиция өкілі.
Бұған дейін Алматыда мыңдаған қазақстандықты телефон арқылы алдаған шетелдік алаяқтардың ірі call-орталығы әшкереленген болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

