Кәсіпкер Игорь Рыбин Еуразиялық одақтың ел экономикасына тигізген зардабы туралы өткір мәлімдеме жасады деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Оның пікірінше, одақ Қазақстанды өрге сүйремей, керісінше кері тартып жатқан өте-мөте қауіпті жоба.
«Еуразиялық одақ туралы жалған оптимизм мен саяси жаттанды сөздерден шаршадым. Шынын айту керек, бұл Назарбаевтың жеке бастамасы еді. Елмен ақылдасқан ешкім жоқ, ашық талқы болмады, нақты салдарын ешкім таразыламады. Ақыры не болды? Біз осы одақтың зардабын тартып отырмыз. Зардап шегетін кім? Біз — бизнес, қарапайым азаматтар, бүтін бір елдің экономикасы», – дейді кәсіпкер.
Рыбин осы ұйымның Қазақстанға нақты қандай пайда әкелгенін биліктің өзі де білмейтінін алға тартып отыр.
«Цифрды сөйлетейікші. Одаққа кіргенімізге 10 жыл толды. Осы уақытта не ұттық өзі? Қазақстан ЕАЭО елдеріне өз тауарын сатқаннан 2–2,5 есе артық импорттайды.
Одақпен арадағы алыс-беріс ел экономикасын құзға сүйреп жатыр. Негізгі серіктесіміз Кремль дайын тауарын үйіп-төгіп бізге жөнелтеді, есесіне біз оларға шикізат пен жартылай фабрикат береміз.
Мұндай модель мүлде интеграция емес. Мәскеу Қазақстанды тауар өткізетін базарға айналдырып алды», – деп ашынады автор.
Күршегі жоқ есіктен ағылып жатқан бөтен бизнес
Айтуынша, Үкімет өз өндірушісін қорғаудың орнына, одақтас елдердің кәсіпкерлеріне есікті айқара ашып тастаған.
«Ресей, Беларүстен келген компаниялар мемлекеттен субсидия алады, арзан несиемен жұмыс істейді, өндірістік қуаты да бізден ауқымды. Ал біздің қазақстандық өндіруші ше? Олар пайызы жоғары несие алып, нарыққа басын тігіп шығады. Сосын бағадан жеңіліп, ішкі нарықтан ығысады. Осыдан кейін «бәріне тең жағдай жасадық» деу қып-қызыл өтірік», – дейді Рыбин.
Кәсіпкердің айтуынша, Қазақстан одаққа кіргелі экономикалық егемендігінің бір бөлшегінен айырылған.
«Осы елдің азамат ретінде мемлекеттің кеден саясаты, сауда ережесі, төл нарығы Астанада емес, теріскейде шешілетінін көріп, қынжыламын. Экономикаға иелік ететін иммунитеттен айырылып, өз тағдырымызды өзге біреуге беріп қойдық», – деп алаңдайды ол.
Ұмыт қалған Үкіметтің уәдесі
Рыбин әсіресе санкция мәселесіне ерекше тоқталып, одақтың кесірінен еш кінәсі жоқ Қазақстанның санкция құрсауында қалғанын баса айтыпты.
«Біз біреудің үйіне басып кірген жоқпыз. Солай бола тұра одақтың кесірінен банктеріміз қысымға ұшырауда, сыртқы төлемдер тұралап қалды. Шетелдік серіктестер күмәнмен қарайтын болған. Біз неге біреудің жанжалы үшін, біреудің қатесі үшін жауап беруіміз керек?», – дейді кәсіпкер.
Уәде етілген индустрияландыру да қағаз күйінде қалған. Кәсіпкердің пікірінше, «зауыттар, жаңа өндіріс орны ашылады, серпіліс болады» деген Үкіметтің уәдесі орындалмаған. Экспорт сол баяғы шикізатқа тәуелді. Дайын өнімді сатып алуды жалғастырып жатырмыз. Индустрияландыру туралы әңгіме жай ғана миф.
Одаққа неге жіпсіз байланып қалдық?
Кәсіпкердің айтуынша, Қазақстан үшін Ресейге телмірмейтін, балама бағыт көп. Мысалы Қытай, Түркия, Тәшкентпен арадағы сауда Еуразиялық одаққа қарағанда әлдеқайда қарқынды дамуда әрі мұнда Астана тәуелсіз серіктес ретінде әрекет ете алады.
«Ең қорқыныштысы биліктің үнсіздігі. Үкімет тиімсіз модельді қолдап, қоғаммен ашық сөйлесуден қашқақтайды.
«ЕАЭО-дан шығу тәуекел» дейді. Сонда одақ ішінде қала беру тәуекел емес пе? Өнеркәсіптен айырылу тәуекел емес пе?
Егемендіктен айырылу, бір ғана елдің экономикасына тәуелді болып қалу тәуекелдің ең үлкені осы», – дейді Игорь Рыбин.
«Мен саудаға, серіктестікке қарсы емеспін. Мен тек Қазақстанды әлсірететін одаққа қарсымын. Егер осы одақ ел мүддесіне сай келмесе, оны қайта қарау керек. Қоғаммен ашық әңгіме бастайтын уақыт баяғыда жетті», – деп түйіндеді кәсіпкер өз ойын.
Айта кетелік, бұған дейін премьер Бектенов бастаған министрлер «елдің мүддесін қорғауға дәрменсіз» деген айыптауға жауап қатқан еді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

