Мемкеңесшісі Ерлан Қарин конституциялық реформа жөніндегі комиссияның отырысында жаңа Конституция жобасында қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесі толық сақталғанын айтты деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Қариннің осы мәселеге арнайы тоқталуы бекер емес. Жоба жария болғалы қоғамда қызу талқыға түскен баптың бірі 9-шы бап, мемлекеттік тіл туралы тармақ.
Әлгі бапта «Қазақстанның мемлекеттік тілі қазақ тілі» деп анық жазылған. Алайда екінші тармағында: «мем. мекемелерде және жергілікті өзін-өзі басқару органында орыс тілі қазақ тілімен тең қолданылады» делінген. Қазақтілді қауым осы тұсқа шүйлігіп, аудиторияның басым бөлігі орыс тілін әлгі жерден алып тастау қажет деген еді.
9-шы баптың мемлекеттік тіл туралы тармағына арнайы тоқталған Қарин қазақ тіліне қатысты қара бұлтты төндірмеуге шақырды.
«Жаңа Ата заңымызда мемлекеттік тіл қазақ тілі екені тайға таңба басқандай нақты жазылған, айқын бекітілген. Атап айтқанда, жобада Конституция құрылымы деп аталатын бірінші бөлімінің 9-шы бабы 1-тармағында «Қазақстанның мемлекеттік тілі қазақ тілі» деп тікелей белгіленген, анық көрсетілген. Бізде мемлекеттік тіл біреу, ол қазақ тілі. Басқа мемлекеттік тіл жоқ. Тіліміз биік тұғырда тұр, өзінің орнында. Мемлекетіміз барда ол ешқашан сол тұғырдан, мәртебесінен түспейді. Сол үшін ең бастысы мемлекеттік сақтап, қорғау керек, ең бірінші ел бірлігін ойлау қажет», — деді Мемкеңесші.
Талқылауға жатпайтын тақырып
Сонымен қатар Қарин соңғы кезде ел ішін дүрліктірген «елдің әкімшілік-аумақтық құрылымында өзгеріс болуы мүмкін» деген қауесетке де жауап берді. Ол мұндай пікідің мүлде негізсіз екенін атап өтті.
«Жаңа Ата заңның преамбуласында мемлекеттің аумақтық тұтастығы мен шекарасы мызғымас әрі бөлінбес екені тікелей жазылған. Сондай-ақ, 2-баптың 6-тармағында «Қазақстан Республикасының аумақтық тұтастығы өзгермейді» деп нақты белгіленген. Яғни, бұл мәселе талқылауға жатпайды және тіпті референдумға да шығарылмайды», – деп түсіндірді Мемкеңесші.
Қарин осы нормалар қазіргі уақытта ғана емес, болашақта да Қазақстанның аумақтық тұтастығын қамтамасыз ететін сенімді құқықтық кепілдік екенін қадап айтты.
Әзірде ғана осы мәселеге қатысты заңгер Айман Омарова пікір білдіріп, қазақтілді қауымды сабырға шақырған.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

