Саясаттанушы Марат Шибұтов жаңа Конституция жобасына қатысты алып-қашпа әңгімелер мен жалған ақпараттарды жария түрде жоққа шығарды.
Сарапшы конституциялық комиссияның кезекті отырысында сөз сөйлеп, қоғамды дүрліктірген бірқатар қауесетке анық жауап берді деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Шибұтовтың айтуынша, комиссия жұмысына қатысты әлемжеліде шындыққа мүлдем жанаспайтын, кейде тіпті әдейі бұрмаланған ақпарат өте көп таралған.
«Жиналыс арасындағы үзілісте желігі сүзіп шықтым. Кейбіреулер комиссияның жұмысын комиссия мүшесі ретінде менен артық білетін секілді әсер қалдырады», – деп әзілмен бастады саясаттанушы. Оның айтуынша, Конституция жобасы толық мәтінімен ашық жарияланғаннан кейін де ақпараттық манипуляция тыйылмаған.
«Менің ойымша, бұл жай ғана танымал болудың амалы емес, мұнда әдейі жасалған теріс пиғыл бар», – деп қатаң сынға алды ол.
«Халық кеңесінен» қандай пайда бар?
Шибұтов әсіресе «жаңа Конституция саяси монополияға алып келеді» деген пікірді жоққа шығарып, керісінше, саяси алаңды едәуір кеңейтетін «Халық кеңесі» деп аталатын жаңа өкілдік институт енгізілетінін атап көрсетті. Саясаттанушы нақты сандармен дәлел келтіріп отыр.
«Қазір Сенат 40 мәслихат өкілінен, 5 президент квотасы және Қазақстан халқы Ассамблеясының (ҚХА) 5 мүшесінен тұрады. Ал жаңа Халық кеңесінің құрамына мәслихат өкілдерімен қатар, қоғамдық кеңес мүшелері, ҚХА-ның бұрынғы 5 емес, 42 мүшесі және қоғамдық ұйымдардың тағы 42 өкілі енеді. Бұл Қазақстан тарихындағы ең ауқымды әрі кең қоғамдық өкілдік», – деді Марат Шибұтов.
Халық кеңесі арқылы саясатқа араласу көптеген азаматтар үшін әлдеқайда қолжетімді болатынын айтып отыр.
«Осылайша саясатқа келу мүмкіндігі өте кеңейеді, бұл бұрын болмаған өте маңызды өзгеріс», – дейді саясаттанушы.
Бұдан бөлек…
Комиссияның «жабық есік жағдайында» және «құрамы дұрыс жасақталмаған» деген айыптауларға да саясаттанушы ашық жауап қайтарды. «Бізді қазір барлық жерден камера түсіріп тұрғанда, комиссия жұмысы жабық деу күлкілі емес пе?», – деді ол.
Шибұтов сонымен бірге комиссия құрамындағы 130 адамның 44-і қоғамдық ұйымдар, қоғамдық кеңестер, БАҚ, білім және ғылыми ұйымдар өкілдері екенін айтып өтті.
«Сондықтан бұл комиссия барлық қоғамдық пікірлерді қамтып отыр деп толық сеніммен айтуға болады», – деді ол.
Президент пен Құрылтайдың өкілеті қалай бөлінеді?
Өз сөзінде саясаттанушы жаңа Конституция жобасында Президент пен Құрылтай арасындағы кадрлық өкілеттіктердің қалай бөлінетінін де егжей-тегжейлі түсіндірді.
«Жаңа Конституция жобасына сәйкес, Құрылтай Премьер-министр мен Вице-президентті бекітеді немесе сайлайды, Конституциялық соттың 10 судьясын, Орталық сайлау комиссиясының 6 мүшесін, Жоғары аудиторлық палатаның 8 мүшесін және Жоғарғы соттың барлық судьяларын тағайындауға келісім береді», – деп нақтылады Шибұтов.
Соның нәтижесінде Президент ОСК-ның 2 мүшесін, Жоғары аудиторлық палатаның 2 мүшесін және Конституциялық соттың 4 судьясын өз бетімен тағайындаудан бас тартады.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Конституциялық сот, Жоғарғы сот, Орталық сайлау комиссиясы мен Жоғары аудиторлық палата төрағаларын, Адам құқықтары жөніндегі уәкілді және өзіне бағынышты басқа органдардың басшыларын тағайындау құқығын сақтап қалады.
«Осындай жүйе Президент пен Құрылтай арасындағы тепе-теңдікті орнатып, саяси билік институттарының арасындағы үйлесімді сақтауға мүмкіндік береді», – деп түйіндеді Марат Шибұтов.
Айта кетелік, бұның алдында мемкеңесші Ерлан Қарин қазақ тіліне қатысты пікір білдіріп, көптің көкейіндегі күдікті сейілткен еді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

