Мұндайлар аспаннан түскен жоқ. Қоғамдағы үш ірі бос кеңістіктің арасынан шықты деп пайымдайды Ertenmedia.kz колумнисі Нұрлан Жұмахан.
Біріншісі діни сауаттың таяздығы. Көп адам дінді кітаптан, жүйелі білімнен, классикалық мектептен емес, TikTok пен YouTube-тағы қысқа роликтен таныды. Сөйтіп, дауыс көтеріп сөйлейтін, қолын сермеп үкім айтатын, эмоциямен арбайтын кез келген адам «ұстаз» болып көріне бастады. Білімнің орнын эффект басып кетті.
Екіншісі бедел дағдарысы. Ресми имамның сөзі кей жұртқа құрғақ, ресми, алыстан естілетін үн секілді қабылданады. Ал желідегі «ұстазсымақ» қарапайым тілмен сөйлейді, ашуға тиеді, қорқытады, жұбатады, өзін «халықтың ортасындағы адам» етіп көрсетеді. Жұрт шынайылықты емес, шынайы көрінетін образды сатып алды.
Үшіншісі әлеуметтік күйзеліс.
Күнкөріс қысқан, ертеңіне алаңдаған, отбасы, несие, жұмыс, әділетсіздік арасында шаршаған адам күрделі сұраққа қарапайым жауап іздейді. Осындай сәтте «сенің бүкіл мәселеңнің себебі мынау», «бәрі күнәдан», «бәрін мен түсіндіріп беремін» дейтіндер тез өтеді. Өйткені олар білім емес, дайын жұбаныш сатады.
Тик-ток алгоритмінің қаупі қандай?
Осындай сауатсыз «дәрісшілердің» көбеюіне желі алгоритмі де қатты әсер етті. Бұрын адам бедел жинау үшін жылдап оқитын, ұстаз көретін, орта сүзгісінен өтетін. Қазір микрофон ұстап, екі-үш даулы сөз айтсаң, бір түнде танымал боласың. Танымалдық білімнің дәлелі емес. Бірақ қазіргі кеңістікте көпшілік соны шатастырып алды. Кімнің оқырманы көп, соны ақиқат иесі санайтын түсінік қалыптасты.
Тағы бір себеп бар: діни кеңістікте «харизма» мен «ғылымның» арасы ажыратылмай қалды. Нағыз ұстаз сақ сөйлейді, үкімді оңды-солды шашпайды, адамды қорламайды, өзін абсолют ақиқаттың иесі етіп көрсетпейді. Ал сауатсызырақ уағызшы керісінше жүреді: даусын зорайтады, мысқылдайды, өзін биік қояды, көпшілікті төмендетеді. Өйткені оның қолында терең білім жоқ, тек үстірт сенімділік бар.
«Халықты сиырға теңеген» типтегі сөздер де кездейсоқ туған жоқ. Ондай тіркес адамға жоғарыдан қарайтын, тобырды менсінбейтін, аудиторияны тәрбиелейтін емес, бағындыратын психологиядан шығады. Яғни мәселе жалғыз бір ауыз сөзде емес.
Мәселе мінберге шыққан адамның дүниетанымында. Ол жұртты адам ретінде емес, айдалатын масса ретінде көреді. Сол үшін оның тілінен мейірімнен гөрі менмендік, насихаттан гөрі қорлау жиі шығады.
Тарихына үңілсек, мұндай құбылыс өтпелі кезеңде үдейді. Қоғам тез өзгергенде, ескі бедел әлсіреп, жаңасы толық орнықпағанда, аралық кеңістікті дауысы қатты адамдар басып алады. Дін саласында да солай болды. Кеңес кезеңінен кейін жұрт сенімге жаппай оралды, бірақ сапалы діни ағарту қатар жүрмеді. Бос орынды әркім әрқалай толтырды. Бірі шынайы біліммен келді, бірі идеологиямен келді, енді бірі қарапайым жұрттың сенімін жеке ықпал құралына айналдырды.
Тоқ етерін айтқанда…
Осындай «ұстазсымақтарды» өсірген төрт күш бар: діни надандық, әлеуметтік күйзеліс, алгоритм билігі және беделге деген аштық. Сұраныс бар жерде ұсыныс шығады. Қоғам білімді ұстаздан гөрі айғайшыл уағызшыны тезірек танып, тезірек таратып отыр. Содан кейін мінберді ғалым емес, шоугер иеленді.
Ең ащысы сол олар тек дінді бұрмалап жүрген жоқ. Олар адамдардың сенімін бүлдіріп жүр. Біреуі діннен жиренеді, біреуі күмәнға кетеді, біреуі дінді қорқыту құралы деп қабылдайды. Нағыз зиян айыппұлмен өлшенбейді. Зиян санада қалады.
Сондықтан мәселені «бір дәрісшіге айыппұл салынды, іс бітті» деп қарауға болмайды. Әңгіме тереңірек. Қоғам енді кімнің шын ұстаз, кімнің микрофон ұстаған манипулятор екенін ажырататын деңгейге көтерілуі керек. Әйтпесе кешегі біреу кетеді, ертең соның орнын одан да даңғаза біреу басады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







