Қазақстан цифрлық төлемдер бойынша әлемдік көшбасшылардың қатарына енді. Ал екінші жағынан, айналымдағы қолма-қол ақшаның көлемі рекордтық деңгейге жетіп отыр, деп жазады Ertenmedia.kz.
Ұлттық банктің мәліметінше, 2025 жылғы 1 желтоқсанда банк жүйесінен тыс айналымдағы қолма-қол ақша көлемі 4,6 триллион теңгеге жеткен. Соңғы жылдары бұл көрсеткіш тұрақты өсуде. 2021 жылы – 3 трлн, 2022 жылы – 3,4 трлн, 2023 жылы – 3,6 трлн, 2024 жылы – 4,4 трлн теңге болған. 2025 жылдың басынан бері өсім 4,5%-ды құрады. Ал 2024 жылы бұл көрсеткіш 20,2%-ға жеткен еді.
Қызығы сол, қолма-қол ақшаның өсуі халықтың банк жүйесіне сенімсіздігін білдірмейді. Себебі депозит көлемі тұрақты түрде артып жатыр. Мысалы, 2025 жылдың желтоқсанында жеке тұлғалардың депозиті 24,6 трлн теңгеге (+9,1%), заңды тұлғалардікі 19,8 трлн теңгеге (+6%) жеткен. Егер сенімсіздік болса, депозиттер қысқарып, халық жаппай валюталық операцияларға көшіп кетер еді.
Экономист Руслан Сұлтанов бұл жағдайдың бірнеше себебін атады. Біріншіден, қолма-қол ақшаның көбеюі – экономикадағы номиналды көрсеткіштердің өсуіне байланысты. Баға көтерілген сайын тұрғындар мен бизнестің кассалық қалдық ұстау қажеттілігі де артады.
Екіншіден, бұл психологиялық факторға да байланысты. Тұрғындар қолма-қол ақшаны қысқа мерзімді күтпеген шығындар мен сыртқы қауіп-қатерге қарсы сақтандыру ретінде ұстайды.
Үшіншіден, институционалдық фактор бар. Қазіргі заманда толық цифрландырылған елдердің өзінде қолма-қол ақша киберқауіптер мен байланыс үзілген жағдайда сенімді резерв ретінде сақталады.
QR төлемдердің шығыны аз
Қазақстандықтар қолма-қол ақшаны күнделікті төлемге сирек қолданғанымен, банк карталарынан ақша шешіп алу көлемі азаймай тұр. Мысалы, 2025 жылдың он айында банкоматтардан алынған ақша көлемі 22,8 трлн теңгеге жетті. Бұл өткен жылғыдан 1,8 трлн теңгеге көп.
Экономист Алмас Шөкин елдегі QR төлемдердің кең таралуын транзакция шығынының төмендігімен түсіндіреді. Мысалы, карта арқылы төлем жасағанда саудагерге жететін қаржы шамамен 98,5 теңге болса, QR арқылы төлегенде комиссия бірнеше есе төмен болады – небәрі 0,15–0,2 пайыз. Сондықтан банктер QR-төлемді белсенді түрде насихаттап, бұл нарықтағы бәсекелестікті арттыруда.
Әлемде қолма-қол ақшадан толық бас тарту сценарийі жиі талқыланса да, іс жүзінде толық цифрландырылған мемлекеттердің өзі қолма-қол ақшаны резерв ретінде қалдырады. Мысалы, Жапония мен Германия цифрлық технологиялары дамығанына қарамастан, қолма-қол ақшадан толық бас тартқан жоқ. Тіпті Швецияда, ең «цифрлы» елдердің бірі болса да, қолма-қол ақша төлем жүйесінің резервтік механизмі ретінде сақталуда.
Сарапшылардың пайымдауынша, Қазақстанда қолма-қол ақшаның көлемі алдағы уақытта да күрт азаймайды. Бұл көрсеткіш экономикалық саясаттың тұрақтылығы мен инфляцияның төмендеуі нәтижесінде ғана біртіндеп төмендеуі мүмкін. Бірақ бұл процесс ұзақ мерзімді әрі кезең-кезеңімен жүзеге асатын болады.
Айтпақшы, сирек металға бай «Көкбұлақтың» қойнауын Назарбаевтың құдалары АҚШ-пен бірлесіп игеруге күш салып жатқанын білесіз бе?
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

