Ресейдің Украинаға қарсы төрт жылға созылған соғысының салдары оның экономикасы мен геосаяси жағдайына қалай әсер еткенін дәл қазір бүкіл әлем бақылап отыр. Бұл соғыс ресейлік экономиканың құрдымға кетуін жеделдетіп, оның халықаралық аренадағы беделін барынша төмендетіп жіберді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Осы уақыт ішінде Ресей НАТО-мен шекарасын екі есеге дейін ұзартып алды: бұрын 1, 2 мың шақырым болса, қазір ол 2, 6 мың шақырымға жетті. Қазір альянс шекарасы Арктикадан Балтық теңізіне дейін созылып, Санкт-Петербург қаласы НАТО-ның ATACMS зымырандарының тікелей нысанасына айналды.
Екінші жағынан Ресей мұнай-газ экспорты бойынша премиум нарық саналатын Еуропадан айрылды. Осы арқылы Ресейдің экономикасы, технологиясы және қорғаныс саласы толықтай Қытайға тәуелді болып шыға келді.
Вашингтондағы Стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығы (CSIS) 2026 жылдың қаңтарындағы талдауында Ресейдің соғыс басталғалы бері айтарлықтай территориялық жетістікке қол жеткізбей, керісінше, әскери-экономикалық қуатын жоғалтқанын атап өтті.
Ресейдің геосаяси картасы қалай күйреді?
Дегенмен, Ресейдің геосаяси қателіктері тек Батыс пен Қытай бағытында ғана емес. Қазір оның оңтүстік шекарасында, әсіресе Кавказ аймағында бұрын-соңды болмаған өзгерістер жүріп жатыр.
Мысалы, 2025 жылғы 22 шілдеде Түркия мен Әзербайжан қорғаныс министрлері әскери қауіпсіздікті күшейту туралы келісімге қол қойды. Келесі күні-ақ Түркияның ықпалды басылымы Yeni Şafak «Ресейден келуі мүмкін қауіпке қарсы Әзербайжанға түрік әскерін кіргізу қажет» деген ұсынысты ашық көтерді.
Ал Әзербайжан билігіне жақын саналатын Caliber басылымы НАТО әскерін Ресей шекарасы маңындағы Хачмаз ауданында орналастыру туралы ұсыныс жариялады. Дәл осындай идеяны Minval басылымы да қолдады. Бұл бастамалардың жоғары деңгейдегі шенеуніктердің келісімімен шыққаны айқын байқалады.
Соңғы жылдары Әзербайжан армиясының Түркия үлгісі бойынша қайта құрылуы, бірлескен әскери оқу-жаттығулар мен қорғаныс доктринасының ортақтасуы Түркияның Кавказда мықтап орныққанының дәлелі.
Яғни Түркия қазір Оңтүстік Кавказды толық бақылауға алып, Каспий теңізіндегі маңызды энергетикалық ресурстарға ие болды. Бұл аймақТүркияның Орталық Азияға қарай кеңеюіне жол ашатын стратегиялық плацдарм.
Осылайша, ғасырлар бойы оңтүстік шекарасын қауіпсіз ұстауға тырысқан Ресей үшін бұл жағдай үлкен геосаяси апатқа айналды. Бұл, тіпті, Кеңес Одағының құлауынан да ауыр салдарға әкелуі мүмкін.
Санкт-Петербургтен Каспийге дейін
Тарихи мысал ретінде Екінші дүниежүзілік соғысты еске алуға болады. Егер сол кезде Түркия Германияның одақтасы ретінде Кавказға шабуыл жасағанда, немістер мен түріктер бірлесіп, Кавказ арқылы Сталинградқа жетіп, Қызыл Армияны кері шегінуге мәжбүр етер еді. Бұл немістердің Кавказ мұнайына қол жеткізуіне және соғыс барысын түбегейлі өзгертуіне жол ашатын еді.
Бүгінгі күні Түркия дәл сол ресурстарға ешқандай соғыссыз-ақ қол жеткізіп отыр. Әзербайжан арқылы Кавказ мұнай-газ қорын өз бақылауына алды. Ал Ресей болса бұл аймақтағы дәстүрлі одақтасы Армениядан да айырылғалы тұр. Өйткені 2025 жылдың тамызында Вашингтонда Армения мен Әзербайжанның бейбіт декларацияға қол қоюы өңірде түрік ықпалының күшейгенін көрсетеді.
Қазір Армения мен Әзербайжан бір-бірімен экономикалық байланыстар орнатып, Нахичевань арқылы көлік дәлізін ашуға дайындалып жатыр. Бұл Арменияның Ресей ықпалынан алшақтауына алып келеді, ал Түркия болса бұл процесті қуана қолдауда.
Ресей мен Түркия арасындағы қарым-қатынас тарихы үш ғасырдан астам уақытқа созылған үздіксіз соғыстар мен текетірестер тарихы десек болады. 1568-1918 жылдар аралығында Ресей мен Түркия жалпы алғанда 69 жыл бойы соғыс жағдайында болған. Әрбір соғыстың арасындағы үзіліс небәрі 25 жылды құраған екен. Сондықтан Ресей-Түркия текетіресін бір ғана ұзақ соғыс деп бағалауға да болады.
Бұрын бұл ұзақ соғыс Осман империясының жеңілісімен аяқталған болса, қазір жағдай түбегейлі өзгеріп отыр. Бүгінде Түркия осы тарихи текетірестің жеңімпазы ретінде көрінеді. Осы тұста Түркия президенті Режеп Тайип Ердоғанның 2025 жылғы қазанда Әзербайжанда өткен Түркі мемлекеттері ұйымы саммитінде айтқан сөзіне назар аударған жөн:
– Түркия Оңтүстік Кавказдағы процестерді бақылап қана қоймайды, ол аймақта бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаруға дайын, – деді.
Шындығында Түркия Сириядағы позициясын күшейтіп, Асаад режимі құлаған соң бұл елден Ресей ықпалын ығыстырып шығарды. Сонымен бірге Азия мен Еуропа арасындағы сауда және энергетикалық транзит жолдарын өз бақылауына алуға ұмтылып жатыр. Мұның бір мысалы Трамп ұсынған «халықаралық бейбітшілік пен даму бағыты» («TRIPP» жобасы).
Қысқасы, Түркия тек Оңтүстік Кавказда ғана емес, Таяу Шығыстың тұтас аймағында шешуші ойыншыға айналды.
Ресей Украинаға қарсы қисынсыз соғысын жалғастыра берсе, алдағы уақытта одан да жағымсыз геосаяси «тосын сыйларға» тап болары анық.
Саясаттанушы Уәлихан Төлешов сайтымызға «Қазақстанға ешкімге жалтақтамай, өз жолын айқындайтын, транзиттік бағыттардың субъектісіне айналатын уақыт келді» деп ойын тарқатып айтып берді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

