Президент төрағалық еткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында премьер Бектенов мемлекет әлеуметтік міндеттемесін толық көлемде орындап отырғанын мәлімдеді деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Алайда түрлі әлеуметтік төлемдердің тым көп әрі жүйесіз берілуі, оған қоса бақылаудың әлсіздігі бюджет шығыстарының негізсіз артуына себеп болған.
Салдарынан мемлекет қаражаты тиімсіз жұмсалып, кей жағдайда тіпті ашық талан-таражға түскен.
«Соңғы екі жылдың өзінде тиімсіз пайдаланылуы мүмкін болған 288 млрд теңге бюджет қаржысы үнемделді. «Түркістан» газетіне берген сұхбатыңызда және Ұлттық құрылтайдың 5-отырысында атап өткендей, әлеуметтік сала түбегейлі реформаны қажет етеді», – деді Үкімет басшысы.
Бектенов кабинеті қандай шара қабылдады?
Олжас Бектенов Үкімет қабылдап жатқан негізгі шараларға тоқталды:
- Әлеуметтік көмектің шашыраңқы түрлерін біріктіру жұмысы қолға алынды;
- Білім беру жүйесіндегі барлық процестер нысандар құрылысы мен жан басына қаржыландыруға дейін толық цифрландырылады;
- Атышулы МӘМС-тің жұмысы Қаржымин-нің ақпараттық жүйелерімен интеграцияланып, жаңаша форматқа көшеді.
Сонымен бірге миграция саласы да өзгерістерден тыс қалмады. Премьер-министр көші-қон заңнамасының кемшін тұстары мен кейбір мигранттар санатының әлеуметтік көмекке сүйеніп өмір сүру дағдысы орынсыз тәуелділікке әкелгенін айтты.
Биылдан бастап жеңілдіктер мен қолдау бағдарламалары тек жұмыс күші жетіспейтін аймақтарға баратын адамдарға іріктеліп беріледі.
«Білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, мәдениет пен спорт саласындағы мемлекеттік саясатты қайта құру бюджеттен бөлінетін 18 трлн теңге көлеміндегі қаржының жүйелі жұмсалуына мүмкіндік ашады. Үкімет көмекті тек мұқтаж жандарға беруді қатаң ұстаным ретінде қарастырады», – деп түйіндеді Олжас Бектенов.
Соның алдында Тоқаевқа есеп берген Жасанды интеллект министрі сөзден сүрініп, президент салаға қатысты көрсеткіштерді қайта тексеруді тапсырған еді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

