Швецияның вице-премьер-министрі Эбба Буш Еуропа көшбасшыларына Вашингтонға жалтақтап, АҚШ-тың қабағына қарауды доғаруы керектігін айтты, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Оның пікірінше, Еуропа өзінің бюрократиялық құрсауынан құтылып, шұғыл әрі икемді әрекет ете алатын жаңа жүйе қалыптастыруы тиіс. Еуропалық одақ жылдам шешім қабылдауға емес, тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған жүйе ретінде құрылды. Ал бүгінгі жағдайда жылдам әрі нақты қадамдар керек.
– Біз тым үлкен бюрократиялық аппаратты емес, мықты демократияларды құруымыз керек еді. Осы қателіктен Ұлыбританияны жоғалтып алдық, осы себептен бүгінгі таңда одаққа деген сенім де көптеген елдерде әлсірей бастады, – деді Эбба Буш.
Швед саясаткері нақты мысал ретінде Украинадағы жағдайды және Ресей газына тәуелділікті азайту жөніндегі шешімдерді келтірді. Оның айтуынша, былтыр қазанда Люксембургте өткен энергетикалық кеңестен кейін ғана нақты шешім қабылданып, бірақ оны жүзеге асыруға тағы бірнеше жыл уақыт кететіні белгілі болған.
«Еуропа қазір тарихи жолайрықта тұр. Бұл тек сөз емес, нақты әрекеттер қажет уақыт», – деп ескертті Буш. Оның пікірінше, Трамп әкімшілігінің қазіргі ұстанымы еуропалық институттардың баяу әрі болжамды қимылына көңілі толмай отырғанын байқатады.
– Трамп әлсіздікке төзе алмайды, бұл оның табиғатына жат. Сондықтан Еуропа өзін мықты және біртұтас күш ретінде көрсете білуі тиіс. АҚШ-тың қас-қабағын бағып, олардың нұсқауын күтіп отыру – үлкен қателік, – деді ол.
Эбба Буш сонымен қатар, кейбір мәселелерде Брюссельдің емес, нақты мемлекеттердің өздері бастамашы болуы тиіс екенін атап өтті. Әсіресе дерегуляция, экономикалық бәсекеге қабілеттілікті арттыру және ядролық энергетика арқылы энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету сияқты стратегиялық бағыттарда орталықсыздандырудың маңыздылығын баса айтты.
Еуропаның дербестігі мен стратегиялық шешім қабылдаудағы тәуелсіздігі қазіргідей күрделі геосаяси жағдайда бұрынғыдан да маңызды болып отыр. Сондықтан, АҚШ-қа үміт артпай, өз күшіне сену Еуроодақ үшін уақыт талабы.
Айтпақшы, Ресейдің Арктикадағы әскери белсенділігінен қауіптенген НАТО жаңа миссияны іске қосып, аймақтағы күштерін күшейтуге кірісті.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

