Астана қаласында Woosong University Kazakhstan университетінің 12 студенті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың атына алғыс хат жолдады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Олар “Dostyq Fellowship” бағдарламасы аясында Корея Республикасында өткен Capstone Project жобасына қатысып, халықаралық тәжірибемен оралып отыр.
Студенттердің айтуынша, елде білім беру саласын жүйелі түрде дамытуға бағытталған мемлекеттік саясат жастарға шетелдік жоғары оқу орындарымен әріптестік орнатып, халықаралық стандарттарға сай білім алуға мүмкіндік беруде. Мұндай қолдау қазақстандық жастардың жаһандық бәсекеге қабілетті маман болып қалыптасуына жол ашады.
Үш аптаға созылған Capstone Project барысында қазақстандық студенттер жасанды интеллект, IT және бағдарламалау бағыттарында нақты жобалар әзірлеген. Олар халықаралық профессорлар мен сала мамандарымен бірге жұмыс істеп, идеяны қалыптастырудан бастап, дайын өнімді таныстыруға дейінгі толық циклді тәжірибеден өткізді. Бағдарлама кәсіби білімді тереңдетумен қатар, командалық жұмыс, жобалық менеджмент, жүйелі ойлау және жауапкершілікті бөлісу секілді дағдыларды дамытуға ықпал етті.
Сонымен қатар, түрлі елден келген студенттермен бір ортада білім алу мәдени алмасуды күшейтіп, өзара құрмет пен халықаралық ынтымақтастық құндылықтарын терең түсінуге мүмкіндік берген. Woosong университетінің профессорлық-оқытушылық құрамы мен ұйымдастырушылары тарапынан көрсетілген қолдау сапардың мазмұнды әрі жоғары деңгейде өтуін қамтамасыз еткен.
Бағдарлама қатысушылары алған білім мен тәжірибені ел игілігіне бағыттауды азаматтық жауапкершілік деп санайтынын атап өтті. Атап айтқанда, өз өңірлерінде, соның ішінде Түркістан қаласында IT және цифрлық технологиялар саласын дамытуға, жастарға арналған инновациялық бастамаларды қолдауға үлес қосуды жоспарлап отыр.
Бағдарламаға қатысқан студенттердің бірі Арайлым Әлимуратова Кореядағы тәжірибесі туралы пікір білдірді. Оның айтуынша, Кореяға келген сәттен бастап өзін өзгеше академиялық ортада сезінген. Қалалардың тазалығы мен адамдардың сыпайылығы ерекше әсер қалдырған. Capstone project аясында корей студенттерімен бірлесіп жұмыс істеп, жобаның идеядан бастап презентацияға дейінгі барлық кезеңінен өткен. Осы тәжірибе нәтижесінде командалық жұмыс пен уақытты басқару дағдылары айтарлықтай дамыған. Экскурсиялар мен мәдени бағдарламалар сапардың мазмұнын байытқан.
Студенттер халықаралық тәжірибе алуға мүмкіндік бергені үшін Мемлекет басшысына шынайы ризашылықтарын білдірді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

