Индонезия полициясы Атырау облысының Жангелдин ауылында ата-енесін өлтірді деген Сұлтан Сәрсемәлиевтің суретін таратып жатыр деп жазады Ertenmedia.kz
Атырау облысында екі адамның өліміне күдікті ретінде халықаралық іздеуде жүрген Сұлтан Сәрсемәлиевтің Индонезияның танымал туристік аймағында қолға түскенін бұған дейін хабарлағанбыз. Ол Ломбок аралының солтүстігіндегі Сенару ауылындағы қонақүйден ұсталған.
Солтүстік Ломбок полициясының бастығы Агус Пурвантаның айтуынша, арнайы операция Интерполдың «қызыл бюллетені» және Атырау қалалық сотының 2026 жылғы 8 қаңтардағы қаулысы негізінде жүргізілген екен.
«Интерполдан келген ресми хабарламада оқиғаның мән-жайын естіп жағамызды ұстадық. Біздің міндетіміз Индонезияның халықаралық іздеуде жүрген қылмыскерлер паналайтын елге айналуына жол бермеу», – депті жергілікті БАҚ-қа пікір білдірген полиция басшысы.
Арнайы операция 24 ақпанда өткен екен. Қылмыстық іздестіру бөлімінің басшысы И.Команг Виландра күдіктінің Сенару ауылында жүргенін біліп қойып, жедел құрықтау шарасына кіріскен. Құқық қорғаушылар қонақүйге сау етіп кіріп келгенде, Сәрсемәлиев қашуға әрекет қылыпты, алайда алысқа бара алмаған.
«Жедел топтың қырағылығы арқасында күдікті еш қарсылықсыз әрі тұрғындарға залал келтірмей қолға түсті», – дейді Виландра.
Сонымен бірге, оқиға орнында Қазақстанның тағы бір азаматы 30 жастағы әйел де ұсталған. Бұған дейін ұсталған келіншектің қаза тапқан ерлі-зайыптының қызы Ақбаян Мұқанғалиева екенін жазған болатынбыз.
Тергеушілер ұсталғандардың жеке куәлігін, паспортын, халықаралық банк карталарын және ұялы телефонын тәркілеген.
«Алдағы уақытта оларды Қазақстанға экстрадициялау мәселесі Индонезияның Әділет министрлігімен, ұлттық полицияның халықаралық істер бөлімімен және өзге де тиісті ведомстволармен бірлесіп шешіледі.Барлық іс-шара ұлттық заңнама мен халықаралық келісімдер шеңберінде өтеді. Қазір Сәрсемәлиев Солтүстік Ломбок полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторында», — деп мәлімдеді осы тұста жергілікті ақпарат құралдары.
Контекст
66 жастағы Мақсот Қарабалин мен оның 64 жастағы жұбайы Нәсип Өтешқалиеваның денесі 6 қаңтар күні Атырау облысының Жангелдин ауылында өз үйінің сарайы астынан табылған еді. Полиция күдікті ретінде әулеттің күйеубаласы Сұлтан Сәрсемәлиевті атаған болатын.
Сонымен қатар оның зайыбы, отбасының қызы Ақбаян Мұқанғалиева да із-түзсіз жоғалып, полиция оны да жер-көктен іздестірген-тұғын. Ақыры екеуі де Индонезиядан табылды.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, тропикалық елде ұсталған ұсталған ерлі-зайыптылардың бес баласы Сәрсемәлиевтің жақын туыстарының қамқорлығына берілген.
Марқұмдардың өзге екі баласы, қызы Мирамгүл Қарабалина мен ұлы Наурыз Мұқанғалиев әлі табылмай жатыр. Іздеу жалғасуда. Туыстары чаттағы хат-хабар марқұмдардың атынан ғана емес, Наурыздың атынан да жолданғанын айтқан. Содан болар әулеттің жақындары әуелде полицияға жүгінуге асықпаған. Наурыз анасының төсек тартып қалғанын, сол үшін қорадағы малды сатуға мәжбүр екенін айтып, хат-хабар алмасқан.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!








