Өткен түні Иран төңірегіндегі шиеленіс күрт өршіп, тараптардың өзара соққыларынан кейін БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі шұғыл отырыс өткізді деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Отырыста сөз алған БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш АҚШ пен Израильдің Иранға жасаған ауқымды шабуылдарын, сондай-ақ Иранның қарсы соққыларын қатаң сынады. Оның айтуынша, Тегеранның жауап әрекеттері Бахрейн, Ирак, Иордания, Кувейт, Катар, Сауд Арабиясы мен БАӘ-нің егемендігі мен аумақтық тұтастығын бұзып отыр. Бас хатшы жағдайды «халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікке аса қауіпті қатер» деп атады және тараптарды шұғыл түрде шиеленісті бәсеңдетуге шақырды.
Израиль билігінің мәліметінше, Иранның шабуылдарынан 89 адам зардап шеккен. Тель-Авивте тұрғын үйге баллистикалық зымыранның түсуінен бір әйел қаза тауып, кем дегенде 20 адам жараланған.
БАҚ ақпараттарына сәйкес, Иранның шабуылына Бахрейн мен Дубай әуежайлары да ұшырады. Тегеранның пилотсыз аппараты әйгілі бесжұлдызды «Бурдж әл-Араб» («Парус») қонақ үйін нысанаға алды. Fars агенттігінің хабарлауынша, шабуылдың тағы бір нысаны Дубайдағы ЦРУ-дың ықтимал штаб-пәтері болды. Абу-Даби әуежайына жасалған соққыдан бір адам қаза тауып, жеті адам жарақат алды.
Париж бен Мәскеу қандай ұстанымда?
Францияның БҰҰ жанындағы елшісі Жером Боннафон халықаралық құқық нормаларын сақтаудың өңірлік қауіпсіздік кепілі екенін атап, өңір елдеріне қарсы шабуылдарды айыптады. Сондай-ақ, ол қажет болған жағдайда Франция зардап шеккен мемлекеттерді қорғауға дайын екенін мәлімдеді.
Ресейдің БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Василий Небензя АҚШ пен Израильдің әрекеттерін ашық агрессия деп айыптап, Иранға қолдау білдірді.
АҚШ өкілі Майк Уолтц болса, «Эпикалық қаһар» операциясының негізгі мақсаты – Иранның зымыран қаупін жою және ядролық шиеленістің алдын алу екенін жеткізді.
Иранның БҰҰ жанындағы елшісі Амир Саид Иравани Тегеранның шабуылдарға қарымта жауап беруге толық құқығы бар екенін айтып, агрессия тоқтағанға дейін жауап шаралары жалғасатынын мәлім етті.
Израиль елшісі Дани Данон дипломатиялық жолдардың толық таусылғанын еске салып, Иран уран байытуды тоқтатып, ядролық нысандарға инспекция жүргізуге рұқсат беруі керек еді деп мәлімдеді.
Әскери қимылдар күннен-күнге ұлғайып барады. Халықаралық ұйымдар жағдайдың ауқымды аймақтық соғысқа ұласып кету қаупі бар екенін ескертіп отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







