Иранның рухани көсемі Әли Хаменей АҚШ пен Израильдің бірлескен соққысынан қаза тапқанын жазғанбыз. Бүгін Теғрандағы билік тізгіні марқұмның ұлы Можтаба Хаменейге көшті деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Iran International-дың мәліметінше, әзірдегі тағайындау қалыпты мұрагерлік емес, соғыс жағдайындағы шешім. Елдің Жоғарғы көшбасшысын сайлауға жауапты Сарапшылар кеңесі шешімді Ислам революциясы сақшылар корпусының (КСИР) қысымымен қабылдаған. Шешім әзірге ресми жарияланбай, Әли Хаменей жерленгеннен кейін хабарланады.
КСИР Можтабаны не үшін таңдады?
Қазіргі таңда Иранның қауіпсіздік күштері ел ішіндегі тұрақтылықты сақтау үшін толық бақылауға ие болуы тиіс. Бұл ең алдымен әскерилер арасындағы алауыздықты тоқтатып, біртұтас басқару жүйесін сақтаудың қамы. Екіншіден, режимнің ішкі легитимдігін қамтамасыз ету. Әсіресе, режімнің негізгі тірегі саналатын қауіпсіздік күштері, радикал саясаткерлер мен діни құрылымдар арасындағы бірлікті сақтау маңызды. Можтаба Хаменей осы талаптардың бәріне жауап бере алады.
Можтаба ондаған жылдар бойы әкесі мен КСИР арасындағы байланыстың негізгі фигурасы болды. Ол Иранның нақты билік орталығы саналатын Жоғарғы көсем кеңсесін («Бейт») ұзақ уақыттан бері басқарып келген.
Елдегі саяси-экономикалық және әскери күштердің негізгі орталығы саналатын «Бейт» өзінің бақылауын сырт адамға бергісі келмейді.
Теғран екі жолдың айырығында тұр
Қазіргі Иран екі жолдың бірін таңдауы керек. Бірі қарсылықты жалғастырып, күресті тоқтатпай, сыртқы шабуылдарға төтеп беру. Бұл жағдайда Иран әскері мен қауіпсіздік күштері қарсылықты күшейтіп, жасырын соғыс әдістерін қолдана береді.
Екінші жол шегініс жасап, ауыр шарттармен келісімге келу. Бұл жол Иранның зымыран бағдарламасын тоқтатып, аймақтағы проксилерінен бас тартуын, Израильге қарсы саясатын доғаруын талап етеді. Осы шарттарды орындаса, АҚШ пен Израиль соққыларын тоқтатуы мүмкін.
Можтаба екі жолды да таңдауға ыңғайлы кандидат. Себебі ол режимнің ішкі қолдауын сақтай отырып, екі бағыттың бірін таңдай алады. Егер қақтығыс тоқтаса, бұл шешімді ол жеңіліс емес, режимнің амандығы үшін қабылданған қажетті қадам ретінде көрсете алады.
Қан мен кектің ауыр жүгі
Әкесінің орнына келген жаңа көшбасшы үшін ең ауыр мәселе қан пен кек дауы. Бұрын Әли Хаменей үшін АҚШ президенті Доналд Трамппен келісу қиын болатын.
Енді оның мұрагері үшін бұл тіпті ауыр, өйткені Трамптың қолында қазір генерал Қасем Сүлейманимен қатар Әли Хаменейдің де қаны бар.
Бірақ Можтаба жүйе ішінде бір артықшылыққа ие: ол әкесінің қаны үшін кек алуды кейінге қалдыруға, мемлекеттің амандығын ең бірінші орынға қоюға толық құқылы. Бұл Иранның ішкі режимі үшін шешімді жеңілдетуі мүмкін.
Кері шегіністің құны қандай?
Можтаба егер қақтығысты тоқтатып, режимнің амандығын бірінші орынға қойса, АҚШ пен Израиль қойған шарттардың бәрін қабылдауға мәжбүр. Яғни, уран байытуды тоқтатып, баллистикалық зымырандарын шектеп, аймақтық саясаттан шегіну керек. Бұл іс жүзінде әкесінің 37 жылдық мұрасын жою деген сөз.
Бірақ әлгі келісім режимнің ішкі дағдарысын шешпейді. Қаңтардағы халықты қыру оқиғасынан кейін Иран билігінің ел ішіндегі беделі өте төмен. Жемқорлыққа батқан билікке деген халықтың сенімі мүлдем азайған.
Жаңа көшбасшының алдындағы ауыр жол
Можтаба Хаменей билікке әкесінен қалған ауыр мұраны мойнына алып келді. Егер ол қатаң қарсылықты жалғастырса, Иранның амандығын сақтау қиын. Егер кері шегінсе, әкесінің мұрасын жойып, ішкі алауыздыққа жол ашуы ықтимал.
Қай жолды таңдаса да, Можтаба әкесінің қирандыларының үстіне отырды. Ислам Республикасының болашағы қазір өте белгісіз. Қырық жылдан кейін алғаш рет Иранда уақыт қымбатқа түсті билікке уақыт жетіспейді.
Марқұм аятолла Хаменейдің фаталды қатесі туралы біз егжей-тегжейлі жазғанбыз.
Ескерту: Iran International-дың материалы негізінде әзірленді
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!








