Жаңа Конституцияны қабылдау заман талабы әрі ел тағдыры үшін кезек күттірмейтін маңызды қадам. Президент Тоқаев бүгін осындай пікір білдірді деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Президенттің айтуынша, жаңа Конституция жобасы елдің тұрақты дамуына қажетті құқықтық әрі институционалдық іргетасты нығайтып, Қазақстанды әділетті, бәсекеге қабілетті әрі қуатты экономикасы бар мемлекетке айналдыруды көздейді.
Тоқаев қазіргі Конституцияның Қазақстанның енді-енді тәуелсіздігін нығайтып, тұрақтылығын сақтап, мемлекеттік институттарын қалыптастыра бастаған тұста қабылданғанын еске салды. Сол кезеңде тәуелсіздікті сақтап, ел ішіндегі тұрақтылықты қамтамасыз ету ең басты мақсат болған еді.
«Еліміздің барлық жетістіктерінің негізінде қазіргі Конституциямыз тұр. Оған алғашқы Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі зор», – деді Тоқаев.
Дегенмен…
Қазір Қазақстан қуатты, халықаралық деңгейде беделді мемлекетке айналды. Шетелдік саясаткерлер мен сарапшылар елдің саяси жүйесінің тұрақтылығын, экономикалық әлеуетінің жоғары деңгейін мойындап отыр.
«Қазақстан әрқашан халықаралық құқықты қорғап, БҰҰ жарғысының негіздерін ұстанады. Бұл ма, бұл біздің принципті ұстанымымыз. Сондықтан еліміздің негізгі заңында ұлттық заңнаманы екінші орынға қоятын нормаларға жол берілмеуі тиіс. Конституциямыз тәуелсіздік пен егемендігімізді нақты көрсетіп тұруы қажет», – деді Мемлекет басшысы.
Президент жаңа Конституция халық бірлігін, этносаралық және конфессияаралық келісімді, толеранттылықты одан әрі күшейтетін нормаларды қамтитынын атап өтті. Оның айтуынша, осы құндылықтар Қазақстан қоғамының басты рухани әрі саяси мұрасы, оны сақтау барша азаматтың міндеті.
Сондай-ақ…
Президент Қазақстан экономикасының аймақтағы ең ірі әрі әлемдегі 50 жетекші экономиканың қатарында екенін тілге тиек етті. Ол елдің сыртқы саясаты әрқашан теңгерімді, прагматикалық әрі ұлттық мүддеге негізделгенін айтты.
«Жаңа Конституция біздің мемлекетіміз үшін аса қажетті, тарихи міндет. Оның әрбір нормасы ұлт мүддесіне қызмет ететін болады», – деді Тоқаев.
Президент Конституция жобасында Әділеттілік пен Патриотизм, Заң мен Тәртіп, Адалдық пен Жауапкершілік сияқты құндылықтардың айқын көрініс тапқанын жеткізді.
«Қазір халқымыз тарихи шешім қабылдайтын маңызды кезеңнің алдында тұр. Жақын арада өтетін референдумда азаматтардың таңдауы ел болашағын анықтайды. Жаңа Конституцияның мән-маңызы туралы алдағы уақытта толығырақ тоқталамын», – деп түйіндеді Президент.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







