Көктемнің ең шуақты әрі көпшілік асыға күтетін мерекесі – Наурыз жақындап келеді. Бұл күндері дастарқан молайып, наурыз көже, бауырсақ, бешбармақ, қазы-қартамен бірге түрлі тез бұзылатын тағамдар кеңінен дайындалады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Мереке қарсаңында халық жаппай азық-түлік сатып алып, жәрмеңкелер ұйымдастырылып, мектептер мен балабақшаларға тағам апару дәстүрі де күшейеді. Осындай кезеңде тағамнан улану мен инфекциялық аурулардың алдын алу өзекті мәселеге айналады.
Сондықтан мамандар мерекелік іс-шараларды ұйымдастыру кезінде санитариялық талаптарды қатаң сақтауды ұсынады. Ең алдымен, іс-шаралар кестесі нақты жоспарланып, адамдардың шамадан тыс жиналуына жол берілмеуі тиіс.
Тағам дайындау мен сату барысында қауіпсіздік басты назарда болуы қажет. Үй жағдайында дайындалған өнімдерді сатуға жол берілмейді. Сауда орындарында қызметкерлер арнайы киіммен қамтамасыз етіліп, санитариялық талаптарға сай жұмыс істеуі тиіс.
Тез бұзылатын тағамдарды сақтау үшін жеткілікті тоңазытқыш жабдықтары болуы міндетті. Сонымен қатар бір рет қолданылатын ыдыстар қолданылып, өнімнің сапасы мен қауіпсіздігін растайтын құжаттар болуы керек.
Белгісіз көздерден алынған, әсіресе үйде дайындалған тағамдарды сатуға немесе тұтынуға болмайды. Бұл – жаппай уланудың негізгі себептерінің бірі.
Халыққа да қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтау ұсынылады. Тағам таңдағанда оның сапасына, сақталу мерзіміне мән беру қажет. Әсіресе балаларға арналған тағам жас ерекшелігіне сай болуы тиіс.
Мереке кезінде адамдар көп жиналатын орындарда қауіпсіздікке көңіл бөлу маңызды. Балалармен бірге жүрсеңіз, алтыбақан, спорттық алаңдар сияқты жерлерде сақ болу қажет.
Мектептер мен балабақшаларда да бұл мәселе назардан тыс қалмауы тиіс. Ата-аналар мен әкімшілік түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, сақтау талаптары бұзылған үй тағамдарын әкелуге тыйым салуы қажет.
Наурыз береке мен бірліктің мерекесі. Сол берекені сақтау үшін қауіпсіздік талаптарын ұмытпау әркімнің жауапкершілігі.
Мамандардың айтуынша, шикі балықты ағын сумен жуғаннан гөрі, оны дұрыс термиялық өңдеуден өткізген дұрыс.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







