Әлемде зымырандық қарулану мен әскери технологиялар жарысы жаңа кезең басатлды. АҚШ барлау қызметінің соңғы бағалауы бұл үрдістің тек аймақтық емес, жаһандық қауіпке айналып бара жатқанын көрсетті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Саясаттанушы Тимур Сейітмұратовтың айтуынша, мәселе тек АҚШ қауіпсіздігімен шектелмейді. Қауіптің ауқымы әлдеқайда кең және оның салдары Еуропадан бастап Орталық Азияға дейінгі кеңістікті қамтиды.
АҚШ Ұлттық барлау директоры Тулси Габбард Сенаттағы тыңдауда Қытай, Ресей, Солтүстік Корея және Иран зымырандық әлеуетін қарқынды арттырып жатқанын мәлімдеді. Бағалау бойынша, 2035 жылға қарай АҚШ аумағына жетуге қабілетті зымырандар саны 3 мыңнан 16 мыңға дейін өсуі мүмкін.
Сейітмұратовтың пікірінше, бұл тек әскери баланс мәселесі емес. «Жаңа геосаяси қысым құралы. Зымыран мен дрон технологиялары мемлекеттердің ықпал аймағын қайта анықтап жатыр», – дейді ол.
Сарапшы Иран факторына ерекше тоқталады. Оның айтуынша, Тегеранның қазіргі ракеталық және дрондық мүмкіндіктері қазірдің өзінде Таяу Шығыс, Оңтүстік Кавказ, Орталық және Оңтүстік Азия өңірлеріне жетіп отыр.
– Егер Иран ядролық қаруға ие болса, жағдай түбегейлі өзгереді. Бұл тек әскери қауіп емес, тұтас аймақтың геоэкономикалық болашағына әсер ететін фактор, – дейді Сейітмұратов.
Оның пікірінше, Қазақстан үшін мұндай сценарийдің салдары ауыр болуы мүмкін. «Бұл Қазақстанның сыртқы саясаттағы маневр мүмкіндігін шектейді. Ел Еуразияның ішкі бөлігінде тұйықталып қалуы ықтимал», – дейді ол. Сарапшы логистикалық жобаларға да назар аударады. Қазақстан мұнайы мен басқа да экспорттық өнімдерді Оңтүстік Кавказ арқылы Түркия порттарына жеткізу жобалары геосаяси қысымға тап болуы мүмкін.
– Ядролық қаруы бар Иран Түркияның Каспий мен Орталық Азиядағы ықпалын тежейді. Бұл 300 жылдық геосаяси бәсекенің жаңа кезеңі, – дейді саясаттанушы. Сейітмұратовтың айтуынша, қазіргі қауіп тек баллистикалық зымырандармен шектелмейді. Дрон технологиялары да маңызды факторға айналды.
«Арзан әрі тиімді дрондар соғыс сипатын өзгертті. Оларды анықтау қиын, ал әсері айтарлықтай. Иран бұл бағытта белсенді ойыншыға айналды», – дейді ол.
Сонымен қатар, Ресей мен Қытай гипердыбыстық қаруларды дамытып, қазіргі зымыранға қарсы жүйелерді айналып өтетін технологияларды енгізуде. Бұл өз кезегінде қарулану жарысын одан әрі күшейтеді. Сейітмұратовтың пікірінше, бұл жағдай әлемдік қауіпсіздік архитектурасын қайта қарауға мәжбүр етеді.
– Қазір басты сұрақ кім қанша қару жасайды емес, кім осы жаңа қауіпке бейімделе алады. Ал бейімделмеген мемлекеттер геосаяси тұрғыда әлсірейді, – дейді ол.
Сарапшының айтуынша, алдағы онжылдықта қауіп-қатерлердің деңгейі арта түседі. Сондықтан мемлекеттер қорғаныс қабілетін күшейтіп қана қоймай, сыртқы саясатта да жаңа теңгерім іздеуге мәжбүр болады.
Экономист Алмас Шөкин тілшілерімізге АҚШ-тың Экономикалық кеңесшілер кеңесі жариялаған «Artificial Intelligence and the Great Divergence» атты баяндамасында жасанды интеллекттің тек технологиялық құрал емес, ХХІ ғасырдың негізгі геосаяси факторы екенін ашық мойындағанын айтты.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







