Электромобильдер қазірдің өзінде әлем бойынша танымал бола бастады, бірақ олардың құрылымы дәстүрлі бензинді автомобильдерден айтарлықтай ерекшеленеді. Соның ішінде басты айырмашылық – электрлі қозғалтқыштың пайдаланылуы, деп жазады Ertenmedia.kz.
Электромобильдерге дәстүрлі автомобильдердегідей жиі май ауыстырудың қажеті жоқ. Расында, Tesla сияқты кейбір модельдерде май сүзгілері бар, бірақ олар көбіне беріліс қорабының (трансмиссия) жұмысына арналған.
Беріліс қорабы электромобиль мен бензинді көліктер арасындағы тағы бір маңызды айырмашылық. Әдетте, электромобильдерде тек бір ғана жылдамдықты трансмиссия орнатылады. Ал бензинді көліктерде қазіргі кезде тіпті 10 жылдамдықты беріліс қорабы болуы мүмкін. Неліктен электромобильдерге бір ғана беріліс жеткілікті?
Оның сыры электр қозғалтқышының ерекше жұмысында. Электр қозғалтқышы іске қосылған сәттен бастап максималды айналу күшін (момент) береді. Яғни, көлікті орнынан қозғалтқан кезде электр қозғалтқышы бірден өте жоғары күшпен жұмыс істейді. Сондықтан электромобильдер жылдамдықты өте тез алады. Ал бензинді қозғалтқыштар айналу күшін ақырындап арттырады, сол себепті көп сатылы беріліс қорабы қажет болады.
Электромобильдердің бір ғана берілісті қолдануының артықшылығы көп. Біріншіден, құрылымы қарапайым әрі сенімді болады. Екіншіден, көлік жеңілірек әрі ықшам келеді, бұл аккумуляторлары ауыр болып келетін электромобильдер үшін өте маңызды. Үшіншіден, жөндеу мен техникалық қызмет көрсету жұмыстары жеңілдейді, бұл көлік иелері үшін қаржылық тұрғыдан тиімді. Жалпы алғанда, бұл көліктің қозғалысын анағұрлым жайлы әрі ыңғайлы етеді.
Әйтсе де, кейбір электромобильдерде көп сатылы беріліс қорабы да қолданылады. Әсіресе, спорттық және жоғары жылдамдықтағы модельдерде екі сатылы берілістер орнатылады.
Мысалы, Porsche Taycan немесе Audi e-tron GT секілді жоғары классты электромобильдер жоғары жылдамдықта екінші беріліске ауысып, көліктің ең жоғары жылдамдыққа жетуіне көмектеседі. Бірақ мұндай жағдайларда да жүргізуші жиі беріліс ауыстырмайды, бұл процесс автоматты түрде жүреді.
Сонымен қатар, ауыр жүктер таситын коммерциялық электромобильдерде де қосымша берілістер орнатылуы мүмкін. Олар ауыр салмақты тасымалдау кезінде қосымша күш пен тиімділікті қамтамасыз етеді. Stellantis сияқты ірі автоөндірушілер де қазір көп сатылы беріліс қорабын электромобильдерде қолдануды сынап жатыр.
Контекст
Дегенмен, күнделікті қолданыстағы электромобильдерге көп сатылы беріліс қажет емес. Себебі электромобильдің қозғалтқышы барлық қажетті жылдамдық диапазонында тиімді жұмыс істей алады. Яғни, бір ғана беріліспен қала ішінде жай жүрістен бастап, тасжолдағы жоғары жылдамдыққа дейін жеңіл ауыса береді.
Электромобильдің тиімділігін арттыру үшін көп сатылы берілістен гөрі жүргізушінің жүріс мәнері мен көліктің басқа да параметрлерін оңтайландыру маңыздырақ. Мысалы, көлікті бірқалыпты жүргізу, рекуперативті тежеуді пайдалану (яғни, көлік тежеген кезде аккумуляторға энергия жинау жүйесі) және дөңгелектердің қысымын дұрыс ұстап отыру электромобильдің энергия үнемдеуіне көп көмегін тигізеді.
Жалпы айтқанда, электромобильдердің бір сатылы беріліс қорабын қолдануы бұл олардың құрылысының қарапайым әрі сенімді болуына ықпал етеді. Болашақта технологиялардың дамуына байланысты көп сатылы берілістер де қолданыла бастайды, бірақ қазіргі таңда бір сатылы жүйе электромобильдер үшін ең тиімді шешім болып отыр.
Электромобильдер дәстүрлі бензинді көліктерге қарағанда басқаша. Ertenmedia тілшілері Auto сарапшылардың көмегімен алыс сапар алдында электромобиль иелеріне арналған маңызды ұсыныстарды әзірледі.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







