Тарихи жадыны сақтау – өткенді еске алу ғана емес, ұрпақ сабақтастығын жалғайтын үлкен міндет. Бұл бағытта «Atamnyn Amanaty» қоғамдық бірлестігі соңғы алты жыл бойы Екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқан және хабар-ошарсыз кеткен қазақстандық жауынгерлердің тағдырын анықтауға бағытталған жүйелі жұмыс жүргізіп келеді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Бірлестіктің негізгі мақсаты майданда қалған сарбаздардың есімін ұмыттырмау. Сонымен бірге олардың жерленген орындарын анықтап, ұрпаққа нақты дерек қалдыру. Бұл жұмыс жастардың бойында рухани-адамгершілік және әскери-патриоттық құндылықтарды қалыптастыруға да тікелей әсер етеді.
Іздестіру жұмыстарының ауқымын кеңейту үшін 200-ден астам халықаралық және республикалық меморандум жасалған. Соның арқасында Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан елдер аумағында архивтік және іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Арнайы интернет-портал, жедел желі және әлеуметтік желідегі парақшалар іске қосылған. Сол арқылы кез келген азамат өз туысын, соғысқа қатысқан атасын не бабасын тегін іздеуге өтініш бере алады.
Бүгінге дейін бірлестікке 12 мыңнан астам өтінім келіп түскен. Соның нәтижесінде 4500-ден астам қазақстандық сарбаз бен офицердің тағдыры және жерленген жері анықталған. Ай сайын іздеушілер бұрын белгісіз болып келген 40–50 жауынгердің есімін елге қайтарады. Қазақстан Қорғаныс министрлігінің қолдауымен 23 қазақстандық майдангердің сүйегі елге жеткізіліп, әскери құрметпен жерленді.
Бірлестік тек архивпен шектеліп отырған жоқ. Жастармен жұмыс та қатар жүргізіледі. Әскери-патриоттық тәрбиеге арналған дөңгелек үстелдер, конференциялар, викториналар, спорттық жарыстар, тақырыптық жүгірулер, квесттер және тарихи танымдық іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. Осындай бастамалар арқылы 2 миллионнан астам адам қамтылған.

«Atamnyn Amanaty» іздестіру жасағы жыл сайын Ресейдің Калуга облысында өтетін «Батыс майдан. Варшава тасжолы» халықаралық әскери-тарихи экспедициясына қатысады. Оның құрамында Қазақстан Қорғаныс министрлігіне қарасты әскери-техникалық мектептердің оқытушылары мен курсанттары да бар. Бұл тәжірибе жас буынның тарихты кітаптан ғана емес, нақты іздестіру алаңында да тануына мүмкіндік береді.
Бірыңғай ұлттық платформа жоқ
Сонымен қатар бірлестік іздестіру қызметін күшейтуге бағытталған бірнеше маңызды бастама ұсынып отыр. Бірінші бастама Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан қазақстандықтардың ұлттық электрондық дерекқорын құру. Қазір Қазақстанда майданға шақырылған азаматтар туралы толық әрі сенімді мәлімет сақталған бірыңғай ұлттық платформа жоқ. Мамандар көбіне ресейлік «Мемориал» мен «Память народа» қорларына жүгінеді.
Алайда бастапқы шақыру деректері толық болмағандықтан, қазақстандықтарға қатысты ақпаратты іздеу қиынға соғады. Бұған қоса, шақыру карталары әлі толық цифрландырылмаған және біразы тозып кеткен. Сондықтан бастапқы құжаттарды жинау, цифрландыру және жүйелеу, «Atamnyn Amanaty» ұлттық электрондық базасын жасау және оны ресейлік ресурстармен байланыстыру ұсынылып отыр. Бұл жоба соғысқа қатысқан барлық қазақстандықтың есімін нақтылап, олар туралы толық дерек қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Екінші бастама «Батыс Қазақстан Сталинград шайқасының майдан маңы аймағы» атты халықаралық әскери-тарихи экспедиция ұйымдастыру. 1941 жылғы Қорғаныс халық комиссариатының бұйрығына сай, Батыс Қазақстан облысының Урдин ауданы майдан маңы аймағына теңестірілген. Бұл аумақ бомбалауға да ұшыраған. Сонымен бірге Астрахань–Саратов теміржолы бойында майданға жөнелтілген немесе эвакуация кезінде қаза тапқан Қызыл армия жауынгерлері мен бейбіт тұрғындар жерленген кемінде 50 бауырластар зираты бар. Осы орындарды кешенді зерттеп, сүйектерді қазып алу, оларды сәйкестендіру және қаза тапқандардың есімін лайықты дәріптеу қажет.
Үшінші бағыт эвакуациялық госпитальдарда қаза тапқан адамдардың нақты санын анықтау және госпиталь зираттарын ретке келтіру. 1941-1945 жылдары Қазақстанда 672 эвакуациялық госпиталь жұмыс істеген. Онда мыңдаған жаралыға көмек көрсетілген. Бірақ қаза тапқандар мен олардың жерленген орындары туралы мәліметтің көп бөлігі жоғалған. Себебі архивтер әуелі КСРО қорғаныс органдарына, кейін Ресей Қорғаныс министрлігіне берілген. Сондықтан мемлекетаралық архивтік жұмыс жүргізу, деректерді қалпына келтіру, госпиталь зираттарын абаттандыру, ескерткіштер мен тақтайшалар орнату қажет.
Төртінші ұсыныс Еуропа елдерінде қаза тапқан қазақстандықтардың есімін анықтау және оларды мәңгі есте қалдыру. Соғыс жылдары жүз мыңдаған отандасымыз Еуропа аумағында көз жұмды. Олардың көбі әлі күнге дейін хабар-ошарсыз кеткендер қатарында. Бұл бағыттағы жұмыс тарихи тұрғыдан да, гуманитарлық жағынан да маңызды. Оның патриоттық-тәрбиелік мәні зор. Сонымен бірге мұндай жоба Қазақстанның мәдени-дипломатиялық әлеуетін күшейтіп, халықаралық беделін де арттыра түседі.
Қысқасы, тарихи жадыны сақтау – архив шаңын сүрту ғана емес. Бұл – ұлттың өз өткеніне деген жауапкершілігі. «Atamnyn Amanaty» қолға алып отырған бастамалар сол жауапкершіліктің нақты көрінісіне айналып отыр. Ендігі міндет – осы жұмысты жүйелі түрде жалғастырып, майдан даласында қалған әр есімді ел жадында қайта тірілту.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







